Әр мемлекет жолында алғашқы тарихи қадам жасайтыны белгілі. 1990 жылғы 25 қазанда Республиканың егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізі жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді» деді. Он үш жылдан кейін қайта мереке болып жарияланған Республика күні биыл үшінші рет тойланып жатыр.
Теректі ауданындық мәдениет үйінде «Тұғыры биік – Қазақстаным!» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті.
Қазақ жұрты үшін ерекше ардақ тұтар мерейлі мерекеде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды.
Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, текті өлкенің тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.
Еліміздің тұтқасы, өрліктің нұсқасы болған Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған Республика күні қарсаңында ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттады.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Азамат Құспановқа, Ақсоғым ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмагүл Телжановаға, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллинға, «AMANAT» паритиясынан «Құрмет грамотасы» және алғысхатын Аңқаты ауылдық жалпы орта білім беретін мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Саяхат Әбдірахмановқа, Теректі колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Бисенғалиеваға, Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Марат Әубәкіровқа, «Жұлдыз» балабақшасының меңгерушісі Ләззат Бекішоваға, Теректі колледжі директорының өндірістік оқу жұмысының орынбасары Тимур Рақымғалиевқа, Төтенше жағдайлар министрлігінің алғысхатын аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Нұрсұлтан Кәдірғалиевке табыстады.
Сондай-ақ Төтенше жағдай кезінде су тасқыны зардабын жоюға атсалысқан Жансұлтан Шоқай Қорғаныс министрінің қол сағатымен марапатталады. Әлия Биғазықызы бір топ қызметкерге өз атынан алғыс айтты.
Мерекелік концерт Республика күніне арналған композициялық қойылыммен басталды. Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі, аудан жастары көрермендердің жүрегін тебірентті. Алаш зиялыларының рөлін сомдаған жастарға ықылас ерекше болды. Салтанатты іс-шараның жоғары деңгейде өткеніне теректілік ағайын қос қолдап келісері сөзсіз.
Айдын Серікқали «Алға Қазақстан» әнін шырқаса, «Жұлдыз» би ансамблі «Би думан» биін мың бұрала биледі. Дәстүрлі әншілер шеруі де ұлттық өнерімізді тұғырға көтерді. Оралхан Темирғалиев, Ерген Мұханбетов, Жанғали Калбиров Ержан Тоқсабановтың «Жауға» күйін күмбірлетсе, Елжас Мағзом, Санжар Дәукенов, жас әншілер тобы «Туған жер», «Самал тау», «Елім деп соққан жүрегім» әндерін әуелетті.
«Алға, қазақ жастары» әнін шырқаған Злиха Қалмағанбетова, оны бимен көркемдеген бишілер де сүйсіндірді. Айбек Дәулетқалиевтің шырқаған «Синяя вечность» әні, скрипкамен сүйемелдеген Алена Герасимова залды дүр сілкіндірді. Кәмшат Қадырғалиева «Сұлтандар», «Телқоңыр» ансамблі қазақ әндерінен попурри, үлгілі «Өркен» балалар вокалдық ансамблі «Туған ел», халықтық «Шежіре» әжелер ансамблі «Жанай керім», Елжас Мағзом және Бақытгүл Қабашева «Алға», «Теректиночка» халықтық вокалды тобы «Эх деревня» әндерін шырқады.
«Жұлдыз» би ансамблінің «Лови ритм» биі көпшіліктің көңілін серпілтті. Соңында «Атамекен» әнін қосыла шырқаған халықты көріп, бірлігіміз – бекем, ғұмырымыз – ұзақ, тұғырымыз – биік болсын дестік.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы