Тәуелсіздіктің қадірі әр қазақстандық үшін қымбат екені сөзсіз. Бірлігі бекем елдің тәуелсіздігі баянды болмақ. Бүгін Теректі ауданында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтті.
«Тәуелсіздігіміздің шоқтығын биік ұстап, елдің жарқын болашағы үшін еңбек ету – басты міндет» деп сөз бастаған Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов өркенді өңірдің жетістіктерін жіпке тізді.
– Экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатын көтеруде үлкен жетістіктерге жеткен Қазақстан бүгінде әлемдік деңгейде беделге ие. Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара келісім, бейбітшілік пен бірлікті негізге алған саясат арқасында біз, қазақстандықтар, тарихы тоғысқан халыққа айналдық. Ынтымақ пен бірлік салтанат құрған елде, тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Оны отыз ұлттың мекені болған Теректі жерінен анық көріп отырмыз.
Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді тізбелесек, айтып тауыса алмасымыз анық. Біздің ауданда тек осы 2020 жылдың ішінде халық игілігіне жарар ауқымды жобалар іске асты. Өткен жылы бастаған ауылдарға спорт алаңын салуды жалғастырдық. Долинное, Ақсуат ауылдарында мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Абай ауылында мәдениет ошағы жаңарту үстінде. Приречное, Богдановка ауылдарына таза су мен көгілдір отын қатар келді. Бұл істің қай-қайсының да іске асып, нәтиже беруі сіздердің сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі, - деді аудан басшысы.
Одан соң аудан әкімі Арман Кәрімұлы ел дамуына еңбек сіңірген аудан азаматтарын Құрмет грамоталарымен марапаттады.
БҚО мәслихатының Құрмет грамотасына С.Ажкеев, А.Хайруллиналар ие болды. Ал БҚО әкімі Ғ.Есқалиевтің Құрмет грамотасымен А.Тасенова, Қ.Дингуатов, Н.Рунова, Ф.Рысқалиева, Г.Гатауовалар марапатталды.
Сондай-ақ теолог Б.Адайхан БҚО Дін істері басқармасының басшысы М.Раманқұловтың алғысына бөленді.
Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұловтың алғыс хатын 22 теректілік иеленді.
Салтанатты жиыннан соң ауданының көркемөнерпаздары мен халықаралық конкурстардың лауреаттары өз өнерлерін көрсетті.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz