16.10.2024, 0:15
Оқылды: 18

Теректі ауданында үздік мектеп кітапханашысы анықталды

Бүгін Теректі аудандық білім беру бөлімінің жұмыс жоспарына сай кітапханада «Жыл мектеп кітапханашысы – 2024» кәсіби байқауының аудандық кезеңі өтті.

IMG_5618

Мектеп кітапханашыларының шығармашылық жетістіктерін айқындау, жұмыс тәжірибелеріне заманауи инновациялық білім беру технологияларын енгізу, аталмыш мамандықтың мәртебесін көтеру байқаудың басты мақсаты болды.

IMG_5661

Орайы келген тұста айта кеткен жөн, білім беру ошақтарындағы кітапханашылардың еңбегін елеу, осындай бағытта іс-шаралар яки сайыстарды өткізу 5 жыл бойы тұралап қалған еді. Қайта жанданған қолдау оларға шабыт бергені анық. Қатысушылардың мығым дайындықпен келгені қуантты. Тіпті жолдың алыстығына қарамай, шалғай ауылдан келгендер де бар. Бұл байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде «Менің мамандығым — кітапханашы» тақырыбы бойынша өздерін таныстырса, «Библиоэрудит» кезеңінде мамандық төңірегінде сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші кезеңде өлкеміздің ақын-жазушылары шығармаларынан үзінді оқыды.

IMG_5703

Бас-аяғы 10-ға жуық қатысушыдан суырылып алға шыққан Шаған мектебінің кітапханашысы Индира Балтабаева жүлделі 1-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Жайық негізгі орта мектебінің және Подстепный №1 мектебінің кітапханашылары Асхат Өтеуғалиев пен Айгүл Тариева 2-орынды еншіледі. Жүлделі 3-орынға Подстепный мектебінің кітапханашылары Құралай Мақашева мен Сандуғаш Ғабдығалиева, Новопавлов мектебінің кітапханашысы Алмагүл Өтеғалиева лайық болды.

IMG_5709

Жүлдегерлерді әділқазылар марапаттап, естелік сыйлықтарды табыс етті.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале