Теректі аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев пен аудандық мәслихат депутаты Мирхат Ибраев Теректі ауданының орталығында құрылысы мәреге жетіп, аяқталуға жақын емхананың жұмысымен танысты.
Бұған дейін өңір басшысы Нариман Төреғалиев арнайы келіп, сын-ескертпелерін жеткізген еді. Одан қорытынды шығып, жұмыс қыза түсті ме? Осыны назарға алған Әлжан Жақсыгерейұлы мен Мирхат Мақсотұлы жұмыстың кестеге сәйкес жүріп жатқанына көз жеткізіп, нысанның биыл ел игілігіне берілетініне сенім білдірді.
– Аудан жұртшылығы үшін бұл емхананың сапалы салынуы, уақытында аяқталуы ауадай қажет, - деді аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев.
Нариман Төреғалиұлы қатаң бақылауда ұстауды аудан әкімдігі мен халық қалаулыларына тапсырған болатын. Осы тұста мердігер компания жұмыс қарқынын үдетіп, қызу іске кіріскенін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда шатырын жабуға жанталасып, терезелерін қойып үлгерген.
Қазіргі кезде ішкі жұмыстарды бастап кетті. Үш қабатты ғимарат жанындағы аумақты абаттандыру, емделушілер мен емхана қызметкерлеріне көлік тұрағын салу жоспарда бар екен. Мұны қадағалап, ел тілегін жеткізуде депутаттар аянып қалмайды. Ең бастысы нысан тиянақты әрі сапалы аяқталуы тиіс.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы