Теректі ауданы өзінің тоқсан жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өтті. Теректі даласының төсі қиқуға толып, ат шаптырып, палуан белдесті. Ауданның тарихы жырға қосылып, жеңістері мен жетістіктеріне үлес қосқан бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді.
Той тойлап, дала қызықтарын көзбен көруге жиналған ағайын мен аудан қонақтарын Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтады.
- Жағырапиялық орналасу жағынан ең бір ұтымды, ежелдегі Ұлы Жібек жолы бойында, Жайықты жағалай жатқан ауданның тарихы тоқсан жылмен шектелмейтіні айдан анық.Небір алмағайып кезеңдер, толқу-төңкерістерді көрген мекеннің жылнамасына шолу жасасақ, бұл жерді ел сонау ерте темір дәуірінде мекендегенін білеміз.Оның дәлелі – бүгінде әлемдік артефакттердің бірі деп танылған Тақсай ханшайымы. Одан беріде ат тұяғы дүбірлеп, ел-жерін жаттан қорғаған хандар мен батырлар өткен сайын дала төсінде. Оның куәсі - ескі қорымдар мен мекен атаулары. Қандай кезеңде де теректіліктер жерге, елге деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық, береке-бірлігімен танымал. Бүгінде Тәуелсіз елде еркін еңбек етіп, аға ұрпақтың ізін жалғаған теректіліктер шаруашылықтың қос саласы – егін салу мен мал өсіруді қатар ұстап келеді. Білім, мәдениет, спорт салаларында ауданның абыройын көтеріп жүрген тұлғалар бар. Топырағынан тектілер тараған Теректіні торқалы тоқсанында әлеуеті мен тегеуріні мықты, берекесі мол қалпымен жетті. Түрлі ұлттың басы тоғысып, «теректілік» деген бір атауға сыйған елдің ертеңгісі бүгінгіден де жарқын болады, - деді Әлия Биғазықызы.
Әкім құттықтауынан соң шараның негізгі бөлігі басталды. Теректі ауданындағы халықтық «Дат» театры әртістері өткенге шолу жасап, Жантөре мен Айшуақ хандарды, Тақсай ханшайымы мен Хамза Есенжанов атамызды «сөйлетті». Аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің бас редакторы, ақын Әділет Орынбасаров тоқсанға келген Теректіні жырға арқау етіп, халық қошеметіне бөленді. Тек Теректі емес, күллі облыстың мақтанышына айналған «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің қолдауымен республикалық ән байқауларының жеңімпазы Асыланбек Шайхин «Қырманға кел, қалқатай» деп әуелетті.
Одан кейін аудан әкімі Әлия Биғазықызы БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің Алғысхаттарын жерлестерімізге табыстады. Өңір басшысының алғысына бөленгендер қатарында «Қазпошта» Теректі аудандық филиалының касса меңгерушісі Валентина Анищенко, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қанат Жақыбаев, Ақжайық ауылдық округі әкімі Болат Александрұлы, Приречный ауылдық округі әкімі Мейрамбек Жақсыбекұлы, Теректі РЭК бас инженері Дамир Мырзабаев, «Теректі - Таза су» ЖШС инспекторы Ақмарал Еркінқызы, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ерлан Сағыналин бар.
Теректі ауданының 90 жылдығына орай арнайы дайындалған төсбелгілер ақын, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Отан» орденінің иегері, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, журналист, «Үміт» гимназиясының анасы іспетті жан Дариға Мұштанова, Теректі ауданының құрметті азаматы Александр Попов, «Лениннің 100 жылдығы» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері Муфтахим Шынбаев, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған жерлесіміз Кенжебай Нығметов, 2003-2006 жылдары Теректі ауданының әкімі қызметін атқарған, ауданымыздың құрметті азаматы Василий Савченкоға табыс етілді.
Осы төсбелгі «Белес-Агро» компаниясының басқарушы директоры, самбо және дзюдо күресінен спорт шебері Қасым Ысқақовқа, түрлі жылдары Теректі ауданының әкімі орынбасары, мәслихат хатшысы секілді жауапты қызметтерді атқарған, ауданымызға сыйлы тұлға Мұсағали Төлегеновке, Теректідегі аудандық банкті басқарған, бірнеше жыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған, қаржы саласының ардагері Сәлім Қоқашевқа, аудандық газеттің редакторы болған, одан кейін облыстық «Приуралье» газетінің бірнеше жыл қатарынан бас редакторы болған, 43 жыл ғұмырын журналистика саласына арнаған Роза Сыйықоваға, «Мәдиев» шаруа қожалығы басшысы, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Сәлімбай Мәдиевке, 2003 жылы негізі қаланған «Тұлпар ЛТД» ЖШС бас директоры Валерий Голоуховқа және «Шолан» шаруа қожалығы басшысы Ұлықпан Құрманғалиұлына салтанатты түрде ұсынылды.
Теректінің 90 жылдығымен құттықтап келген қонақтарымыз да болды. Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өміралиев және Қаратөбе аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Меңдешов сөз алып, аудан басшысына құттықтау хат пен естелік сыйлығын берді. Теректінің мерейтойымен партия да құттықтауды құп көріп, «AMANAT» партиясы БҚО филиалынан да алғысхат жетті.
Шара көркін Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздары келтірді. Сахнаның төрінде, сайын даланың төсінде әншілер Кәмшат Қадырғалиева, Гүлназ Құсайынова, Сағидолла Изделеев шарықтата шырқатса, аудандық саз мектебі жанынан құрылған «Ақжелең» фольклорлық ансамблі домбыра күмбірімен тойдың сәнін кіргізді.
Содан соң халық көптен күткен дала қызықтары да басталды. Ауыздығымен алысқан жүйріктер сап түзеп, ең алдымен құнан бәйге басталды. Теректі ауданының құрметті азаматы, айтыскер ақын, «Батыстың Жүрсіні» атанған Ерікқали Ахметов тізгінді өз қолына алды. Халық қиқуға қиқу қосып, шабандоздар нағыз доданың көркін қыздырды. Нәтижесінде құнан бәйгеде Шыңғырлау ауданынан келген Талғат Бисембаевтың «Назкүреңі» мәрені ең бірінші болып кесті. Жеңімпазға ұйымдастырушылар атынан су жаңа мотоциклдің кілті берілді. Сырым ауданынан келген Асхат Тахамбетовтің «Шамшырақ» атты жүйрігі екінші келді. Бәйтерек ауданының шабандозы Марат Мұхтаровтың «Айымторысы» үздік үштікті толықтырды.
Топ бәйгеде өңірімізге танымал «Атамекен» ЖШС атынан қатысқан Бексұлтан Ибатовтың «Ақтаңгеріне» жетер ешкім болмады. Жеңімпазға құнан бәйгедегідей мотоцикл табысталды. Бөрлі ауданынан келген Нұрболат Жерекшиевтің «Бақторысы» тек «Ақтаңгерге» жол берсе, тұғырдың екінші сатысына «Ерсұлтан» лақап атымен додаға қатысқан жүйрікті тізгіндеген Атырау обылсынан келген Қуаныш Иманалиев көтерілді.
Халықтың асыға күткені аламан бәйге еді. Себебі аламанның жеңімпазы су жаңа темір тұлпардың иесі атанады. Теректінің торқалы тойында тігілген темір тұлпар Атырау облысына жол тартты. Хамит Алтынбектің «Қарақұс» атты тұлпары барлығын шаң қаптырды. Аламан бәйгенің күміс жүлдесі теректіліктерге бұйырды. Ақсоғымдық Ербол Кенжалиевтің «Ерқасқасы» екінші келді. Ауданымыздың тойы республикалық, қала берді халықаралық деңгейде өтті десек, жаңылыспаймыз. Оған дәлел – осы аламан бәйге. Аталмыш доданың үшінші орынын РФ, Орынбордан келген Серік Алмағанбетовтің «Акаки» атты жүйрігі жеңіп алды.
Боз кілемде тартысқан палуандар бәсекесі де көптің назарын аударды. Жауырыны жер иіскемеген, Бөрлі ауданынан келген Теміржан Көлбай жеңімпаз атанып, оған 500 мың теңге ақшалай сый берілді. Екінші орын алған Асхат Нұрмұханов 300 мың теңге, үздік үштікті түйіндеген Нұрсейіт Мәдениетов 200 мың теңгеге ие болды.
Арқан тартыста ерлер арасында «Теректі жастары» командасы жеңімпаз болса, әйелдер арасында аудандық туризм орталығы командасына тең келер ешкім болмады. Барлық жеңімпаз бен жүлдегер ақшалай сыйлықтарды еншіледі. Асық ату және жаппай көкпарда да жеңімпаздар анықталып, құрмет пен қошеметке бөленді. Айта кету керек, әр сайыста жүлдегер болғандар ұйымдастырушылар тағайындаған ақшалай сыйлықтарды қанжығасына байлады.
Теректінің 90 жылдығы да осы аудандағы кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтары басшыларының қолдауы һәм демеушілігімен өтті. Аудандағы ауылдық округтердің әкімдерінің ұйымшылдығы арқасында әр ауылдық өзінің киіз үйі құрылып, қазақы дастархан жайылды. Ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, халық арзан бағада өзіне керегін алды. Теректідегі шаруашылықтардың соңғы үлгідегі техникалары және асыл тұқымды мал көрмесі де тойдың ажырамас бір бөлігі іспетті.
Ақжайықтың ақ шағаласы, Теректінің мақтанышы, қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева сахна төрінде:
- Көлдерің тұнық, мөп-мөлдір,
Жағасы жасыл, желек-ті.
Төгіліп тұрған көктен нұр,
Сұлусың қандай, Теректі, - деп тебірене жыр оқыды.
Ақынға алып-қосарымыз жоқ. Теректінің тойы тарқамасын!
Әділет Әлібек,
суретттерді түсірген Балнұр Қанаева
Теректі ауданы
zhaikpress.kz