Теректі ауданына қарасты Покатилов ауылының жайдарманшыларынан құралған "Теректі тентектері" командасы жайдарман ойындарының "Маусымашар - 2020" республикалық фестиваліне қатысты.
Айта кетелік, маусымға қатысуға ниетті 670 команданың ішінен 200 команда іріктеліп, телевизиялық жобада өнер көрсету үшін өзара бақ сынаған. Сол 200-дің ішінде теректілік жайдарманшылар болғаны қуантады. Біздің жас команда телевизиялық жобаға жолдама алмаса да, енді аймақтық лигада бақтарын сынай алады. Аймақтық лиганың құрамына Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе секілді қалалар кірсе, теректілік жайдарманшылар өз қалаулары бойынша бір қаланы таңдай алады. Әрине, аймақтық лигада жасындай жарқылдау үшін де қолдау мен демеуші қажет.
Сонымен Нұр-Сұлтан қаласында сәтті өнер көрсетіп оралған "Теректі тентектерін" аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Нұрсәуле Аткеева және Покатилов мектебі ұжымы қарсылап алды.
Команда мүшелері мықтылармен бірге сынға түсуге жағдай туғызған аудан әкімі Әділ Жоламановқа алғыстарын жеткізуді сұрады.
Әділет Әлібекұлы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер