24.06.2024, 22:30
Оқылды: 230

«Теректі жаңалығы» газетінің кезекті жүлдесі

Үш жыл қатарынан 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Орал қаласының ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың бастамасымен қазақша «Quiz» интеллектуалды ойыны өтіп келеді. Былтыр үздік төрттіктен көрінген Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газеті ұжымының «Үміткер» тобы биыл жүлделі 2-орынды қанжығасына байлады.

IMG_20240624_180754_157

«Aqjaiyq» телеарнасының «Ақжайық айнасы» командасы жеңімпаз атанса, қола жүлдені республикалық телеарналардың меншікті тілшілері місе тұтты. Жеті команда бақ сынаған додаға БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрайымы Клара Қамбетова, облыстық "Приуралье" газетінің бас редакторы Тоқтар Ғабдірешұлы қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Дәстүрге айналған сайысты ерекше форматта тізгіндеген Дулат Жүсіпқалиевке өңірдің кіл мықты журналистерінің тосыннан сұрақ жаудырғаны оңайға соқпады. Дегенмен доданың шырайын кіргізіп, көңілді жүргізді. Зияткерлік сайыстың басты мақсаты облыстағы БАҚ өкілдерінің ауызбіршілігін күшейтіп, қарым-қатынастарын нығайту болды. Бұл тұста ұйымдастырушылар мақсатына жетті.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале