Бүгін Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың төрағалығымен мәжіліс өтті.
Жиынға «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының кеңесшісі Тоқтар Кенжеғалиев пен аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібі бойынша өрбіген басқосуда Әлия Биғазықызы аудан айнасында 12 жыл тер төгіп, бүгінде Батыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы лауазымына тағайындалған Әділет Орынбасаровқа зор ризашылығын білдірді.
«Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінің директор-редакторы қызметін абыроймен тәмамдаған Әділет Әлібекұлының иығына соңғы үлгідегі шапан жауып, алғысхат табыстады. Ол өз кезегінде өткен жылға көз жүгіртіп, еңбекжолына тоқталып, бұл деңгейде бүтін Теректінің үлесі бар екенін жеткізді.
Содан соң Тоқтар Ғабдірешұлы сөз алып, «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің жаңа директор-редакторы Темірболат Тоқмамбетовті таныстырды.
Темірболат Әнуарұлы 1984 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Қособа ауылында өмір есігін ашқан. 2001-2004 жылдары аралығында Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының жанындағы колледжде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні факультетін тәмәмдаған. 2018-2022 жылдары Орал қаласындағы Евразия университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» факультетін бітірген.
2005 жылдан 2007 жыл ішінде Орал қаласындағы «Жайық», «Орал өңірі» редакцияларында фототілші қызметін атқарған.
Сөйтіп әр жылдары Орал қаласындағы «Қазақстан» РТРК Батыс Қазақстан облыстық филиалына жарық беруші, телеоператоры, «Жайық Пресс» ЖШС әкімшілік бөлімінің маманы, Тасқала ауданының «Екпін» газетінің директор-редакторы, Тасқала ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-сараптамалық жұмыс бөлімінің басшысы болды. Ол күні бүгінге дейін Тасқала ауданы бойынша меншікті тілші жұмысын істеді.
Мәжіліске қатысушылар Темірболат Тоқмамбетовке сәттілік тіледі. Алғысын айтқан Темірболат Әнуарұлы алдағы уақытта сенім үдесінен шығып, бірлесе еңбек ететінін айтты.
Ақтілек Орынбасаров
Теректі ауданы