Бүгін Теректі аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінің директор-редакторы Әділет Орынбасаров Батыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, «Тау баласы», «Біз Дендерденбіз» жыр жинақтарының авторы Әділет Әлібекұлы аудан айнасында 2014 жылдан бері еңбек етті. Қарапайым фототілшіден І санатты тілші һәм жауапты хатшылыққа дейінгі даму сатысынан өтті.
2019 жылдан күні бүгінге дейін газеттің бас редакторы болды. Қоғамдық-саяси газеттің жүгін көтерумен қатар қоғамдық жұмыстарға араласа білді.
Айталық, ол – «Жастар рухы» БҚОФ Теректі аудандық филиалының бөлімше меңгерушісі, Теректі аудандық мәслихат депутаты – ҚР Ақпарат саласының үздігі, республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.
Әділет Әлібекұлын жаңа ұжымға БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қаныбекұлы таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы