Жаңа жыл мерекесіне орай Теректі ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастыруымен мекемелер арасында «QUIZIZZ» интеллектуалды ойыны өтті.
Өткен аптада Ақжайық ауылында өткен ойын осы жолы Теректі ауылында, «Қазына» коворкинг орталығында ұйымдастырылды.
Осы жолы ойынға бес команда қатысты. Аудандық аурухананың «Авиценна», ішкі істер бөлімінің «Оқжетпес», спортшылардың «Жеңімпаз», аудандық газет редакциясының «Ұшқыр қалам» командалары мен алаң иелері – кітапханашылардың «Қазына» тобы зияткерлік сайысқа дайындықпен жиналды.
Ойын жүргізушісі Үміткер Орынғалиев сайыс шартын түсіндірген соң қатысушылар білім, мәдениет, спорт және басқа да тақырыптардағы сұрақтарға белгілеген уақытта жауап беруге кірісті.
«Сұрақтар ғой», «Киноғо кино», «Мемлекетті таны» бөлімдерінде білім-білгендерін пайдаланған ойыншылар «Жарнама», «Бұл кім?» «Музыка» бөлімдерінде де есте сақтау қабілеттерін іске қосты.
Әр бөлім сайын дұрыс жауаптарды салыстыруға мүмкіндік берген жүргізуші Үміткер Орынғалиев соңында қорытынды ұпай жариялады.
Сонымен, ойынға белсенді қатысқан «Авиценна» мен «Қазына» аудан әкімдігінің атынан алғыс хатпен марапатталды. Ұпай санымен «Жеңімпаз» 3 орын, «Оқжетпес» 2 орын алды.
Аудандық «Теректі жаңалығы» газеті ұжымы – «Ұшқыр қалам» нағыз ұшқыр ойлы жандар тобы екенін дәлелдеп, 1 орынды иеленді.
Күнделікті қызметте тығыз әрі оңтайлы байланыс жасауға бейімдейтін, ой ұшқырлығын шыңдайтын зияткерлік ойын алдағы жылы жалғасын табады деп үміттенеміз.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz