Теректі аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Әділ Жоламановтың қатысуымен Жаңа жылдық шырша өтті.
Ауданның түкпір-түкпірінен 102 оқушы қатысқан бұл мерекелiк шарада Анна, Эльза, Олаф («Холодное сердце» мультфильмінің кейіпкерлерi) мен Жаңа жыл - тышқан және тағы басқа ертегі кейіпкерлері келіп, балғындардың көңілін көтерді. Әсем ән әуелеп, мың бұрала би де биленді. Олардың өнеріне риза болған шәкірттерге аудан басшысы Әдiл Тауфикұлы:
- Құрметті оқушылар! Өздеріңізге арналған шырша тойына қош келдiңiздер! Сіздердің білімді, парасатты, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасып, заман ағымына бейімделгіш, бәсекеге қабілетті болып жетілулеріңіз үшін мемлекет барлық мүмкіндіктер мен игі шараларды атқаруда. Ендігі таңдайтын жолдарыңыз - ғылым жолы болсын. Өйткені, білім мен ғылым жолы - қызығынан гөрі қиындығы мол, асу бермес, асқарлы белі бар, өткел бермес асау өзені бар ауыр жол. Ал біздің тәуелсіз елімізге ауырды ауыр деп қайыспай көтеретін, еңсесі биік, өресі кең, ділі таза, дені сау, кемелденген ақыл-ойлы, парасатты жастар қажет. Мен сіздердің әрқайсысыңыздың осындай азамат болуға талаптанатыныңызға сенімдiмiн! - деп ақжарма тiлегiн жеткізді.
Сондай-ақ балғындарды аудандық мəслихат хатшысы Əлжан Нұрғалиев пен Федоров ауылдық округiнiң əкiмi Əсет Аубакиров те құттықтап, ізгі тілектерін айтты.
Шарада аудан басшысы атынан балаларға тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар табыс етілді. Сонымен бiрге əр шəкiрттiң ата-анасының шотына 25 мың теңге кɵлемiнде қаражат салынады.
Мерекенің ең басты қонақтары – Аяз ата мен Ақшақар өнерлі ұландардың талабын бағалап, сый-сияпат тарту етті.
Аягөз Айтқалиева
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер