Жуырда Теректі аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры әрі ақын Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» атты шығармашылық кеші өтті.

Кеш шымылдығы Теректі ауданы мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған халықтық «Дат» театрының орындауындағы ақынның өмірбаянын суреттейтін қойылыммен ашылды.

- Менің туған жерім-Сырым ауданы, Қособа ауылы. Егер адам баласында екі туған жер болуы мүмкін болса, екіншісі «осы-Теректі» деп айтар едім. Теректінің адамдары «орысқұл» деуге кімнің дәті барады екен?! Сөзді, өнерді, өлеңнің қадірін түсінетін аудан жұртшылығына алғыс айтамын. Менің өмірбаянымды толықтай зерттеп, көрсете білген «Дат» театрының қойылымына шын тәнті болдым. Әдеби кешімді ұйымдастыру себебім: көпшілік мені басшы ретінде ғана қабылдап, менің шығармашылық адам екенімді жұртшылық біле қоймайтын сияқты көрінеді. Күнде кешке, ұйқыға жатар кезде «таңертең ұйқымнан оянам ба?» деген қалың ойдың құшағында жүретін адаммын. Жұмыстың соңынан жүгіріп, төрт қабырғада қамалып, кейде өзімнің шығармашылық адам екенімді өзім де ұмыта бастадым. Бүгін сіздерді үзеңгілес достарым мен әріптестерім шығармашылығыммен таныстыратын болады. Сондай-ақ «Осы күнге дейін не тындырдым?» деген сұрақтар мазалап, алдарыңызда есеп беруге келдім, ағайын,-деп, кеш кейіпкері ішкі сырымен бөлісті.

Әдеби-сазды кеш барысында сахна төрінде ақынның әні мен сөзіне жазылған әндер шырқалып, сөз майталманының жан тебіренісінен туындаған жыр шумақтары оқылды. Көрермен «Абай» гимназиясының шәкірттері, «Әдебиетшілер үйі» үйірмесінің оқушылары мен “Дат” театры жанындағы балалар үйірмесінің тәлімгерлерінің өнерін тамашалады. Сонымен қатар өнер алаңында «Жымпиты жыры», «Досыма», «Шерлі шағала», «Еске түссе ертегі», «Нұрсәулем», «Тұсаукесер» және «Қособа» атты жыр туындылары орындалып, тыңдарман жүрегін баурады.

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова шара соңында жыр иесіне жылы лебізін білдіріп, құттықтау хат пен кәделі сыйлығын табыстады.
-Бүгін біз Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бауыржан Халиолланың шығармашылық кешінде бас қосып отырмыз. Бұл- өлең мен ойдың, рухани құндылықтардың мерейлі кеші. Ауданымызға қош келдіңіз! Әдеби кешіңіз өте жақсы деңгейде өтті. Сізге халықтың атынан, өзімнің атымнан алғыс білдіремін,-деді аудан басшысы.

Бұл өмірдің әр сәтін өлеңге айналдыра білген ақынның ағынан ақтарылған, тағылымға толы рухани-мәдени кеші болды.
Қаламқас Саясатова
Теректі ауданы