Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Мұқым елге аян, аталмыш саланың қыруар жұмысының арқасында мұқтаж жандарға әртүрлі көмектер көрсетілуде.
Міне, адам құқықтары мен қоғамдық тұрақтылықтың сақталуы осы ма, дерсің...
Саланың басты құндылығына тоқталсақ, кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік, ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген қызметкерлердің көмекке зәру қарттарға, жетімдер мен мүгедектігі бар жандарға қол ұшын созуға әрқашан әзір болуы.
Теректіде «Тамерлан» мейрамханасында «Мейірім сыйлаған әлем» атты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлының һәм өз атынан алғыс айтты.
Өңір басшысы орынбасарының алғысхатын Нұрсұлу Сәлімгереева мен Альбина Дощановаға табыстады. Аудан басшысының алғысхатымен бір топ сала қызметкері марапатталды.
Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова да ақжарма лебізін білдіріп, Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының алғысхатын бөлімнің бас маманы Бәтима Бахитоваға, үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкерлері Мәдениет Құттыбаеваға, Сәуле Ақниязоваға, Гүлсайран Жұмағұловаға берді.
Кейін бөлім басшысының аудандық кәсіподақ төрағасының марапаттары өз иелерін тапты. Салтанатты іс-шарада аудан өнерпаздары да әннен шашу шашты.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы