29.05.2024, 23:00
Оқылды: 80

Теректіде ауыл шаруашылығы ардагерлерінің ұйымы құрылды

Ауыл шаруашылығы – тұтас елдің дамуын алға сүйрейтін, елдігімізді айшықтайтын маңызды істердің бірі һәм бірегейі. Ал енді өткенге зер салайық. Ата-бабаларымыз ат үстінде ғұмыр кешіп, ел тізгінін мығым ұстап, төрт түліктің қасиеті мен құндылығын жете түсінген. Қаншама зобалаң шақты бастан өткерген олар ауылдың ел бесігі екенін естен шығармаған. Соған сай шаруашылыққа салғырт қарамай, еңбектің бәрін жеңетінін саналарына тоқи білді. Қазір қалада білім қуып, жұмыс жасап, не болмаса, сайран салып жүрген ағайын ауылдың жылуына зәру. Бұл – қанша тырыссаң да, жасыруға келмейтін ақиқат.

FB_IMG_1716993404803

Бүгінгі таңда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған бағытының ең негізгі жолдары ауыл жағдайын жақсартуға арналған. Президенттің бастамасы мен тапсырмасынан үмітіміз зор. Ауылдың алға жылжуын әр исі қазақ жұрты шын жүректен қалайды. Жанданған ауыл шаруашылығының жұмысы республика бойынша қарқын алды.

Бүгін аудан әкімдігіндегі жиыннан осындай ой түйіп, еңсе тіктеп алдық. «Республикалық ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» ҚБ облыстық филиал төрағасы Лавр Хайретдинов арнайы келіп, сақалық салаға қатысты ауқымды жоспарларды талқылады. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, жауапты бөлім басшылары, агроөнеркәсіптік кешеніндегі аудандық аумақтық инспекциясы, ветеринариялық бақылау мен қадағалау инспекциясы, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы, жер қатынастары бөлімінің басшылары мен мамандары қатысты.

FB_IMG_1716993421862

Лавр Рашидұлы бір жылда жүзеге асқан жұмыстар есебін, алда тұрған міндеттерді тарқатты. Сонымен қатар Теректі ауданы бойынша «Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» ҚБ филиалы құрылып, кеңес мүшелері бекітілді. Аудандық филиалдың төрағасы болып сала ардагері Қайыржан Жүнісов тағайындалды.

- Ардагерлердің ауыл шаруашылығы саласында бірігуі жұмысқа серпін әкеледі. Аудандарда ұйым филиалдарын ашып, келелі кеңестер өткізіп жүрміз. Ауданда ашылған ұйымның ілгері басуына ауылдарда ашылған өкілдіктер үн қоса алады. Сондай-ақ қоғамдық бірлестік мүшелерін түрлі деңгейдегі марапаттар алуға ұсынамыз. Құрылған ұйымның жоспарын әзірлеп, нәтиже шығаруға аудан әкімдігі, аудандық ардагерлер ұйымы мүдделі болуға тиіс,- деді Лавр Хайретдинов.

FB_IMG_1716993416006

Жиында ауданданымыздың тарихы мен бүгінін айқындайтын энциклопедияны қолға алу жөнінде тамаша ұсыныстар айтылды. Мәжіліске жайғасқан туған жердің жанашылары құптап, кезек күттірмейтін іс қатарына жатқызды. Қалаубек Баубекұлы редакция алқасын құрып, энциклопедия жарық көргенше аянбайтынын жеткізді. Теректі тұлғаларының есімін ұлықтап, өлке тарихын болашаққа жеткізуді жөн санаған сала ардагерлері одан өзге ауыл шаруашылығы музейіне, «Еңбек даңқы» аллеясына жәдігерлер жинақтаудың жолдарын айтып, пікір алмасты.

Ақтілек Әлібек,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале