4.10.2024, 14:30
Оқылды: 101

Теректіде баға тұрақтылығына бақылау жүргізілді

Бүгінгі таңда Теректі ауданы бойынша азық-түлік бағасының тұрақтылығы – басты назарда. Өйткені, халық көп тұтынатын тауар бағаларының бірқалыпты болғанын бәріміз де қалаймыз,  әрине.

35C4E310-2104-4C9E-8FC9-D2BE70B785B3

Осы орайда Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева, Подстепный ауылдық округінің аппаратының мамандарымен бірлесе отырып, Подстепный ауылдық округінде жұмыс сапарымен болды.

Нақтырақ айтсақ, «Жаңа Өмір», «Минимаг», «Нұрбек», «Ел-Мұра», «Шалқар» сынды дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониториг жүргізді.

— Мониторинг қорытындысы бойынша бағалардың жоқтығы және  кейбір өнім түрлеріне сауда үстемесінің асып кетуі көзделді. Бизнес субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының бекітілген тізбесі, оларға шекті сауда үстемесінің мөлшері, Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында орташа бағалардың апта сайын жариялануы туралы түсініктеме жұмыстарымен таныстырдық.  Сонымен қатар әкімшілік бұзушылықтар туралы Кодекстің 193 және 204-4-баптарының үзінділерімен қолма-қол презентациялар табыс еттік. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де  жалғасады, — дейді аталмыш бөлім басшысы С. Айтқалиева.

96B66652-8072-4752-AB72-A48DCD019B26

Жалпы ҚР Премьер-министрінің орынбасары-сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бекітіліп, оған 19 атау енген еді.

— Тінін тарқатсақ, бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны, макарон, қарақұмық жармасы, ұнтақталған күріш, картоп, асханалық сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, ақ қант-түйіршіктелген қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, пастерленген сүт 2,5% жұмсақ қаптамадағы май, айран 2,5% жұмсақ қаптамадағы, сары май, тауық жұмыртқасы, ас тұзы,  майлығы 5-9% болатын сүзбе.

Сонымен қатар ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын жеткізу шартында көрсетілген өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгіледі.

Апта сайын бейсенбіде Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында экономика-баға статистикасы бөлімінде ӘМАТ-қа орташа бағалар жарияланатынын айта кеткен жөн, — дейді Сандуғаш Сайынқызы.

Сондай-ақ, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 193-бабына сәйкес дүкен сөресінде тауар бағасының жоқтығы, дүкен сөресінде және кассасында тауардың әртүрлі бағалары, тауар бағасын теңгемен емес, басқа валютада көрсеткені үшін айыппұл салынатынын да тілге тиек қылды.

Айшабибі Мәмет

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале