Әмбеге аян, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осы орайда Теректі ауданында бірқатар шара бастау алды. Соның бірі, аудан әкімі Тілек Габдушевтің бастамасымен өтетін аудандық оқушылар айтысы. Бұл бәйге 5-11 сыныптың шәкірттеріне арналған.
Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін жырлау, тарихқа үңілу, егемендік жолында ерлік еткен тұлғалардың есімін оқушы санасында қайта жаңғырту, оқушыларды ана тілін, төл мәдениетін, туған тарихын құрметтеуге шақыру - шараның ең басты мақсаты.
- Айтыс 3 кезеңге бөлінген. Мәселен, мектепішілік, аудандық, облыстық. Айтыс жеңімпаздары - бас жүлде, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен, алғысхат, сыйлықтармен марапатталады.
Айтыстың барлық қатысушыларына сертификат берілмек. Бас жүлдеге ие болған оқушы облыстық айтысқа қатысуға жолдама алады, - дейді ұйымдастырушы Теректі аудандық білім беру бөлімі.
Айта кетейік, дәл қазіргі таңда мектепішілік айтыс Федоров қазақ мектебінде ұйымдастырылды. Ал аудандық айтыс ақпан айының соңында өтпек.
Елжан Елырыс,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz