Осы айдың басында БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің бастамасымен Теректі ауданы тұрғындарына "Жайық Ет" ЖШС 1000 балапанды тегін таратқан болатын. Сол жолы сегіз ауылдық округ бойынша 20 аз қамтылған және көпбалалы отбасылар балапан алып, мәре-сәре болып еді.
Жақсы үрдіс жалғасын тапты. Күні кеше «Агрофирма «Ақас» шаруашылығы аудан халқына 3000 балапанды тағы тегін таратып берді. Осы жолы Ұзынкөл, Богданов, Приречный ауылдық округтеріне жеткізілген балапандардың 1500 басы Ұзынкөл ауылына бөлінді.
-Балапандар Қатауолла Ашығалиевтің Новенький ауылындағы құс шаруашылығынан әкелінді. Біз күні бұрын тізім жасап, балапанды кімге беретінімізді анықтап қойған едік. Олар негізінен әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасыларға таратылды. Ауылдастарым бек риза, - дейді Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Руслан Ихсанов.
Сөйтіп, Теректі ауданындағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылар жаздай балапан өсіріп, күзде бала-шаға нәпақасына жаратамыз деп отыр.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz