10.05.2024, 22:00
Оқылды: 91

Теректіде «Балдәурен» фестивалінің іріктеу кезеңі өтті

«Болам деген баланың бетін қақпай, белін бу» деген көреген қазақ ел болашағын жалынды жастармен байланыстырады. Жанам деген жүрекке от берудің маңызын да түсіне біледі. Осы орайда бүгін Теректі аудандық мәдениет үйінде «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалінің іріктеу кезеңі өтті.

441418163_2595192597329285_3504776966118294803_n

Додаға бас-аяғы 30-ға жуық оқушы қатысты. Олар байқауда «Эстрадалық вокалдық топ», «Поэзия», «Хореография», «Халықтық музыка», «Домбырамен ән салу, жыр айту», «Сән үлгісі» бағыттары бойынша бақтарын сынады. Әділқазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, хореограф-балетмейстер Жанар Тайшыбаева, республикаға танымал әнші Елжас Мағзом, тәжірибелі күйші Оралхан Темірғалиев, балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогы Әйгерім Есенжанова, «Теректі жаңалығы - Теректинская новь» газетінің тілшісі Ақтілек Әлібекұлы болды. Сахнаның шымылдығын ашқан вокалдық топтардың дайындығы, өнерге құштарлығы бірден байқалды.

441868023_2595192337329311_4287081690232904956_n

Киімдерінен бастап сахна мәдениетіне дейін жауапкершілікпен қарағандары көрініп тұрды. Әсіресе патриоттық әндерді орындағандағы қоңыр дауыстарын, әр сөзін сезіне шырқап тұрғандарын айтпай кетуге болмайды.

Оқушылар мен дайындаған жетекшілерінің мерейі үстеді. Ал би бағытында барын салған бүлдіршіндерге сын-ескертпелерді өз саласының нағыз маманы Жанар Жеңісқызы айтты. Тіпті ағат кеткен жерден тоқтатып, бидің мазмұнын, не туралы екенін қосымша түсіндіріп өтті. Теректі топырағы жас күйшілерімен қастерлі деуге сөзсіз болады. Өйткені бұл бағытта бекзада өнерге құштар жас саны артып келеді. Ұлттық аспаптың көмегін жыр айту да оңай дүние емес. Не домбыраңнан, не жырдың сөзінен шатаспай, дауысыңды да қалыпқа келтіре алып шығу қажет. Сол себепті дәстүрлі әнге, терме орындауға жүрек жұтқандар ғана келеді. Ауданымызда мұндай өрен біреу-ақ болды. Ол – Долин ауылының намысын қорғаған 13 жасар Манас Нығмет. Исатай мен Махамбет жырын һәм халық әні «Ақ сұр атты» жоғары деңгейде орындап, көптің ықыласына бөленді. Ол облыстық кезеңге жолдама алды. Биыл «Балдәуренге» жаңа серпін, жаңа бағыт келді.

441622873_2595192527329292_1598488167975187700_n

Нақтырақ айтсақ, сән үлгісін көрсеткен қаракөз қарындастарымыз сөзімізге дәлел бола алады. Поэзия бағытына бөлек тоқталуды жөн көрдік. Өйткені қатысушылардың яки мұғалімдерінің селқостығы жанға батты. «О заманда, бұ заман» деуге тура келіп тұр. Мәнерлеп оқу мен өлең жазуды айыра алмайтын кезге жеткен екенбіз. Бар жоғы төрт оқушы келіп, оның екеуі Абай мен Қайрат Жұмағалиевтің өлеңін мәнерлеп оқып берді. Ал ережедегі шартты алға тартсақ, қатысушы «Келешек кемелі – елдік тұғыр» тақырыбында қалам тербеуі тиіс. Ережені оқымай, шәкірт дайындауға бола ма, екен өзі?.. Алдағы уақытта мұны мұғалімдерінен ұйымдастырушыларға дейін қадағалағаны дұрыс. Сөйтіп байқаудың жүлдегерлері анықталар сәт келді. Бишілер арасында жүлделі 3-орынды екі «Ақбота» тобы місе тұтты. Біреуі Аңқаты, енді бір топ Ақжайық ауылының намысын қорғады. Жүлделі 2-орынды дәл осындай атаудағы Ақжайық ауылының үлкен жастағы би тобы еншілесе, 1-орынға Подстепный ауылының «Сұлу» тобы лайық болды. Жас күйшілер ішінен үздік үштіктің қатарынан ақсуаттық Мейірман Байдекешов көрінсе, 2-орын Юбилейный ауылының абыройын асқақтатқан Алисұлтан Ерланұлына бұйырып, теректілік Нұрдәулет Қыдырбай жеңімпаз атанды. Эстрадалық вокалдық топтар арасында жүлдегерлерді анықтау қиынға соқты.

441871330_2595192563995955_6496734077769610463_n

Қазылар алқасының шешімімен 3-орынды Ақжайық ауылының «Нұр-Ай» вокалдық тобы, 2-орынды ақсоғымдық «Балауса» вокалдық тобы, 1-орынды теректілік «Өркен» вокалдық ансамблі иеленді. Сән үлгісінде оқ бойы озық шыққан шағатайлық Ақбота Кеңес 1-орынды қанжығасына байласа, 2,3-орындарды Нұрбақыт Махамбет пен Яна Новикова бөлісті. Поэзия бағытында 2,3-орындарды және алғыс хатты Мөлдір Сағынғали, Ерхан Қайыпқали, Сайлаубек Хамидоллаев, Меңдігүл Төлеген еншіледі. Аталған бағыттан бөлек жеңіс тұғырынан көрінген қатысушылар облыстық кезеңге жолдама алды. Аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин сөз сөйлеп, оқушыларға алғысын жеткізді.

441883605_2595192547329290_5684028508305715440_n

Соңында «Өркен» вокалдық ансамблінің кіші тобы «Балдәурен» әнін шырқап, сахна төрі балдырғандардың нұрымен жарасым тапты.

Ақтілек Әлібек,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале