1.02.2024, 17:15
Оқылды: 4

Теректіде білімділер анықталды

Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі.

сайыс 1

Мерекеге орай Теректі ауданы орталығында мекемелер арасында «Қазақша Quiz» интеллектуалдық сайысы өтті. Теректі аудандық  аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырған білім додасында  бес команда бақ сынасты.

Мамандардың  жұмыстан тыс уақытын тиімді пайдалану, дүниетанымдық қабілеттерін арттыру, мекемелер арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткен сайысты Теректі аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиев ашып, барша командаға сәттілік тіледі.

Сайыс тізгінін ұстаған балалар шығармашылық үйінің бұқаралық бөлім жетекшісі Үміткер Орынғалиев «Жауап», «Біз білетін ән» «Көрген кино», «Мемлекетті таны» және «Тұлғаны тап» атты бес кезеңде қатысушыларға білім, мәдениет, спорт, және басқа да тақырыптарға қатысты сұрақтар қойды.

сайыс

Білім сайысының  нәтижесінде Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы қызметкерлерінен құралған «Сұңқар 22» тобы жеңімпаз болып  танылды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мамандарынан жасақталған «Тақсай» құрамасы  ІІ орынға лайық болды. Ал үздік үштікті  «Тәуекел» тобы түйіндеді. Сайысқа қатысқан «Жұлдыз» және «Болашақ» тобы алғысхатпен марапаттады.

Атаулы күнге байланысты  сайлаудың әділ өтуіне үлес қосып жүрген бірқатар азамат облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ  Жоламановтың атынан алғысхат алды. Олардың қатарында В.Тоқтарова, А.Мергенова, М. Жұмағазиева бар.

Теректі аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бақытжанұлы да сайлау жұмысын ұйымдастыруда қолдау танытып жүрген аудандық мәдени-демалыс орталығы, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газеті ұжымына және сайыстың өтуіне ұйытқы болған Үміткер Жұмакелдіұлына алғысхат табыс етті.

Сондай-ақ  сайлау күніне орай мақала жазудан өткізілген байқаудың жеңімпаздары да марапатсыз қалмады. Үздік мақала жазғаны үшін Жұмазия Қожамұратова жүлделі  І орынды иеленсе, білім беру бөлімінің әдіскері Гүлстан Сатыбалдиева ІІ орынды жеңіп алды.  Ал Гүлнұр Айтимова ІІІ орынды қанжығасына байлады.

 

Жауһар Нұрым,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале