Мемлекет тарапынан қабылданған маңызды бастаманың бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы болатын. Оған биыл 15 жыл толып отыр. Үкіметтің 2009 жылғы арнайы қаулысымен қабылданған бағдарлама бүгінге дейін іске асырылып келеді. Еліміз, әсіресе жастар жағы атаулы бағдарламаның игілігін көруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында аталмыш бағдарламаны көбірек қаржыландыруды тілге тиек еткен еді.
Сурет: www.gov.kz
— Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырамын, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Демек, жасампаз бағдарламаның игілігін одан әрі көруге болады деген сөз.
Расында да бұл бағдарлама нақты қажет кезінде қолға алынды. Өйткені сол екі мыңыншы жылдары ауыл өмірі қиын кезеңді басынан өткергені әмбеге аян. Елді мекендердегі қалыптасқан тіршілік көзі — егін және мал шаруашылығы жекешелендірудің желеуімен талан-таражға түсті. Жұмыссыздық белең алды. Жылдар бойы қалыптасқан ауыл тіршілігінің берекесі қашып, жұмыссыз қалған жастар күнкөріс қамымен қалаға қарай үдере көшіп жатты. Иә, жастар қалаға көшіп келгенімен, мұнда да дайын тұрған жұмыс жоқ. Басында баспана жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жас отбасылардың жағдайы шын мәнісінде қиын болды. Ал ауыл тіршілігін өз арнасына сай ұстап тұру үшін халықты, әсіресе жұмысқа қабілетті жастарды ауылда тұрақтандыру өзекті мәселеге айналды. Осы жылдары қабылданған «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы ауыл өмірінің әлеуетін көтеріп, елді мекендерде еңбек етуге ынталы жас мамандарға ерекше қолдау болды. Бағдарламаның мақсаты — ауылдың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік саланың қызмет сапасын көтеру, өңірде бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыра отырып, ауылды дамыту, сол үшін елді мекендерде тұруға келген жас мамандарды ынталандыру еді. Айтар болсақ, жоғары оқу орнын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, сондай-ақ, ветеринария мамандығы бойынша бітірген жас мамандардың ауылдық жерге жұмысқа орналасуын қолдау шаралары қарастырылған.
Теректі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлмира Сәрсенованың берген мәліметіне сүйенсек, атаулы бағдарламаны іске асыру аясында биыл 614 млрд 718 млн 000 теңге қаражат бөлінген.
— Жалпы, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы ауданымызда жүзеге асқаннан бері, яғни 2009 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралықты айтатын болсақ, 915 педагог, 231 дәрігер, 68 мәдениет және спорт саласының иесі, 17 агроөнеркәсіптік кешені, 4 мемлекеттік қызметкер көтермеақы алып жобаның жақсылығын көріп отыр. Сонымен қатар дәл осы жылдар аралығында білім беру — 405, денсаулық сақтау — 133, мәдениет және спорт — 47, агроөнеркәсіптік кешені — 8, мемлекеттік қызмет — 1, барлығы 594 адамға баспана алу мақсатында несие берілді.
Мәселен, биыл тек көтермеақы алу үшін білім беруге — 79, денсаулық сақтауға — 13, мәдениет және спортқа — 4, агроөнеркәсіптік кешеніне — 2, мемлекеттік қызметке 2 жас маман ниет білдірді. Жас маманның тұрғын үй сатып алуы үшін Теректі ауданы орталығы Теректі ауылында 2500 ( 9 млн. 230 мың теңге), ал ауданға қарасты елді мекенде 2000 ( 7 млн. 384 мың теңге) айлық есептік көрсеткіш көлемінде бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау, оған қоса көтермеақы алуына мүмкіндігі бар. Осы аталған әлеуметтік қолдауды иеленген маман ауылдық елді мекенде кемінде 3 жыл еңбек етуге міндетті, - дейді аталмыш бөлім басшысы Гүлмира Бауыржанқызы.
Барбастаудан баспаналы болды
Жадыра Ғалымгереева Барбастау елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункте медбике болып жұмыс істейді. Ол Орал қаласындағы «Мақсат» медициналық колледжін тәмамдағаннан соң еңбек жолын осы ауылдан бастауды құп көрген.
— Бағдарлама өте тиімді. Мақсаты да айқын. Расында, ауылдың әлеуетін көтеру үшін жастарды көбірек тарту керек. Сонымен қатар ауылда тұратын жас отбасылардың тұрақтап қалуына қолайлы жағдай жасаған жөн. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана алуды ұйғарып, Теректі аудандық экономика және қаржы бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Сайып келгенде, комиссиядан өтіп, жақында үйді сатып алуға арналған 7 млн 384 мың теңге қаржыға қол жеткіздім. Осындай жақсылыққа атаулы бағдарламаның арқасында жеткенім рас. Бұл жоба арқылы жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар екенін сезіндім, - деген Жадыра Мұханбетқалиқызы қуанышымен бөлісті.
Қаржының қайтарымы қайда?
Әр нәрсенің сұрауы бар. Сұраусыз өмір жоқ. «Судың да сұрауы бар» деген тәмсіл тегін айтылмаған. Біз сөз еткен «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының берері мол екенін талай жас тілге тиек қылып, бөркін аспанға атқан еді. Әлі де солай айтып жүргендер де баршылық. Десек те олардың қатарында міндетті дұрыс орындамай, берілген қаржыны төлемейтіндердің қатары жыл сайын қалыңдап келеді. Бұл хақында Теректі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлмира Сәрсенова былай дейді:
— Бағдарламаға қатысты несие мен көтермеақы жыл сайын берілуде. Осы қаржыны алуын алады да, уақытында төлемей жүрген және жұмыстан шығып кеткен жастар жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, атаулы бағдарламаның ережелерін орындамай, немқұрайлы қарайтын мамандар бар. Мәселен, биылғы жылдың маусым айындағы есепті қарасақ, мамандар 40 млн-ға жуық қаражат бережақ. Бүгінгі таңда сотқа бердік, 14 іс қозғалды, - деген басшы несие алған жастарды ережені орындап, дер кезінде қаржыны қайтаруды қатаң ескертті.
Иә, рас. «Үкіметтен қайыр жоқ, мемлекет көмектеспейді» дейміз, алайда…
Самал Жолдығалиқызы
Теректі ауданы