Теректі ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко келді. Жұмыс тобы құрамында БҚО әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова да бар.
Меймандарды аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова мен аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров қарсы алды.
Жұмыс тобы, ең алдымен, былтыр пайдалануға берілген Подстепный ауылдық округіне қарасты Барбастау ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің хал-жағдайымен танысты.
Аталмыш нысанның бір ауысымда 13 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мыңға жуық халқы бар Барбастау үшін медициналық пункт ауадай қажет-тұғын. Нысанның құрылысына және толықтай жабдықтармен қамтамасыз етілуіне 153 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалып, мердігер «Альтаир» ЖШС өз жұмысын сапалы жасаған. Медициналық пунктті бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ақтөре Лұқпанова таныстырып шықты.
Одан соң комиссия мүшелері Юбилейное ауылында орналасқан Госплемстанция жалпы орта білім беретін мектебіне ат басын бұрды. Мектеп директоры Гүлдариға Амандықова:
- Мектеп 2015 жылы он бір жылдық болып қайта салынды. Қазіргі таңда 103 оқушы білім алуда. Оларға 38 педагог сабақ береді. Кабинеттер толық жабдықталған. Заманға сай оқу сыныптары, спорт залы, асхана, кітапхана бар. Сонымен қоса домбыра сыныбы да бар, - деп мекемемен таныстырды.
Одан соң жұмыс тобы Подстепный ауылында салынып жатқан 1200 орындық мектеп қүрылысымен танысты.
Сапар «Жігер» коворкинг орталығында түйінделді. Ауданның іскер әйелдер кеңесі мүшелері өз қолдарымен жасаған сүт, ет, тоқыма сынды бұйымдардан көрме көрсетті. Көрмені тамашалап болған меймандар дөңгелек үстелге жайғасып алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды.
Мән-жайға қаныққан Елена Тарасенко аудан жұртшылығына өз алғысын білдірді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz