9.10.2024, 15:00
Оқылды: 113

Теректіде «Қаладан – ауылға» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Жастар – қоғамның үлкен қозғаушы күші, мемлекеттің дамуына серпін беретін қоғамның бір бөлігі. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше.

акбота

Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Осы орайда, елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстары да жолға қойылып келеді. Мемлекет тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасалуда.

Соның бір дәлелі, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауды атап өтуге болады. Мысал ретінде еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектерді тізіп шығуға болады және мұндай, мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық жыл өткен сайын артып келеді.

Жастардың жұмыспен қамтылуы да мемлекетіміз үшін басты назарда. «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020» және тағы басқа бағдарламалардың сәтті жүзеге асқанын атап өтуге болады. «Жас келсе іске» демекші, жастардың лауазымды орындардан табылуы да олардың еліміздің дамуы жолында өз орны барын және соны тиімді қолданып отырғанымызды байқатады. Жаңғыру арқылы жаңа әлемге бет түзеген елімізде жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналып отыр. Маңыздысы осы.

Естеріңізде болса, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал шаһарында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты басқосуда  жас мамандармен кездескен еді. Шара барысында өңір басшысы Батыс Қазақстан облысында «Қаладан – ауылға» пилоттық жоба жүзеге асырылатынын тілге тиек етті. Аталмыш жоба алғаш рет іске қосылмақ.

– Президенттің тапсырмасы аясында өткен жылы елімізде ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында БҚО-да халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіру бойынша пилоттық жобаны іске асыратын боламыз. Бұл – туған жерге туымызды тігу үшін, қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және жаңғырту үшін басталып жатқан жоба. Біз ауылға көшіп барамын деген азаматтарға өз тарапымыздан мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, барынша қолдау білдіреміз. Өткен жылы ауылдық жерлерге барған дәрігерлерге 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетілді. Биылғы жылы бұл қаражаттың көлемін 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерге 3 616 адам қоныс аударған, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Айта кетейік, бағдарламаның  басты мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою, ауылдық жерлерде агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын орта бизнес субъектілерінің санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету.

Хош, сонымен теректілік жастардың жағдайын жақсарту аясында аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова былай дейді:

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 100 адамға көтерме ақы (36,9 млн теңге), 21 адамға тұрғын үй алуға несие берілді (154,9 млн теңге. Жоспар 62 адам – 614,7 млн теңге). Ал «Жастар тәжірбиесі» бойынша 49 адам (жоспар 135), «Жасыл Ел» еңбек отрядына 120 адам қатысты (120 квота, 11,5 млн теңге). Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа (400 АЕК, жоспар 40 адам) 41 адамның құжаттары (58,5 млн теңге) мақұлданды, – деді өз сөзінде.

«Қаладан – ауылға» пилоттық жобасына тоқталатын болсақ, дәл қазіргі уақытта аталмыш бағдарлама бойынша Покатилов ауылдық округіне Ақбота Смағұл есімді фельдшер келіп, өз жұмысын атқарып жатыр.

Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік шың. Жалпы медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез-келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын ақ желеңді абзал жандар. Олар денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленген мейірімді жандар. Шынында дәрігер болу – үлкен мәртебе.

Ақбота Азаматқызы 1998 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Шаһардағы № 10 мектепті тәмәмдаған соң, «дәрігер болсам» деген асқақ арманның жетегімен Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжіне оқуға түсті. Оны 2021 жылы аяқтап, «мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолына дипломын алған.

– Дәрігер мамандығы – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Адам жанының арашасы, адам жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Арыстандай еш нәрседен қорықпайтын өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен қарайтын, өз ісіне сеніммен қарай білетін, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс. Егер, осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табылса, онда ол үздік дәрігер атанар еді. Президентіміз бәсекеге қабілетті болуды тапсырды. Осы мақсатта үнемі ізденісте болып, тұрғындарға көмек көрсетіп, алғыстарын алсақ басты мақсатымызға жеткен боламыз, – дейді ақ халатты абзал жан.

Өз мамандығыңа адал Ақбота әңгіме барысында қазір жастарға барынша қолдау көрсетіліп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатырғанын айтты.

–  «Ел болашағы жалынды жастардың қолында» екенін қашан да жадында ұстаған ел билігі, оларды қолдап, әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысына барынша ден қойып келеді. Бұл біз үшін зор көмек. Қазақстанда отбасы институтын нығайту жұмысына қашан да баса мән берілген. Мемлекет оларды тұрғын-үй, жұмыспен қамтудан бөлек, «шағын мемлекет» ретінде берік қалыптасу ісін де мықтап қолға алуда. Мәселен, біздер Орал қаласынан Покатилов ауылына «Қаладан – ауылға!» жобасы арқылы келдік. Бүгінгі таңда сүйікті жұмысым және баспанам бар. Ел ертеңі – жастардың әлеуметтік жағдайы алдағы жылдары одан әрі жақсарып, олардың әлеуетінің кеңейетініне сеніміміз мол, – дейді жас маман.

Ақбота – сүйікті жары Мейрамбек екеуі бір бала тәрбиелеп отырған жас отбасы.

Иә, ауыл –  қазақтың күретамыры. Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз.

Ендеше, жас маман, ауылға қарай бас қадам!

Самал Жолдығалиқызы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале