«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауатты арттыру курсы Теректіде басталды. Ең алғашқы сабақтар ауданға қарасты Құмақсай ауылында өтпекші. Курсқа қатысам деген ауыл тұрғындарына округ әкімі Бақтияр Карл сәттілік тіледі.
«AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев аталмыш жобаның мән-маңызына кеңірек тоқталды.
- Қаржылық сауаттылықты меңгеру – әр қазақстандыққа пайдалы болмақ. Бүгінде халықтың шамадан тыс несие алуы өткір мәселе боп тұр. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін жаппай оқыту курстары басталды. Жоба сарапшылары әр азаматқа жеке дара көмек көрсетеді. Құмақсай ауылының тұрғындары бүгін ортаға келген маманға көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, тұшымды жауап ала алады деп ойлаймын, - деді Мирхат Мақсотұлы.
Партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Теректі ауданы бойынша оқыту курстарын өткізетін Назгүл Шарафутдиноваға алғысын білдірді. Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Сатыбалдиев бес күнге созылатын басқосудың берері көп боларына сенім білдірді. Теректі ауданы бойынша осы бағыттағы оқыту курстары барлық ауылдық округтерде өтетін болады.
Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында былтыр 65 мыңнан астам қазақстандық оқыту курстарынан өткен. Солардың 63 пайызы курсқа дейін несие бойынша сыйақы және артық төлем мөлшерін білмейтіндіктерін жасырмапты. Оқыту курсынан өткен азаматтардың 13 пайызында 10-нан астам несие бар екен.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz