5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай көпұлтты Теректі ауданында мәнді шаралар өтті.
Мәселен, Достық үйінде ардагерлер, білім және мәдениет қызметкерлері, қоғамдық белсенді азаматтар дөңгелек үстел басына жиналды.
Алдымен олар атаулы күн тақырыбына орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымы жайған кітап-басылымдар көрмесімен танысты.
Одан соң дөңгелек үстел басына жайғасқан тіл жанашырларын құттықтаған Теректі аудандық мәслихаты төрағасы Әлжан Нұрғалиев марапаттау рәсімін өткізді. Теректі ауданы әкімінің Алғыс хатын ол облыстық, аудандық тіл байқаулары қатысушылары Гауһар Әлібекова, Гүлбақыт Паритхан, Майра Жұмашева, Жанар Нұрғалиева, «Қазына» коворкинг орталығы ұжымына табыс етті. Тап осындай марапатқа Ирина Жұмашева, Людмила Степаненко, Анна Бородулина, Каримя Садыкова, Шаттық Дәулетбекова да ие болды.
Сөз кезегін алған Теректі ауданының құрметті азаматы, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мусагали Төлегенов те тіл жайында, адамдардың тіл табысуы мен татулығы жайында ой қозғады.
Теректі ауданының білім беру бөлімінің әдіскері Әсемгүл Жақаева, Теректі ауылындағы №1 орта мектеп мұғалімі Шаттық Дәулетбекова тіл оқыту, соның ішінде орыс тілінде оқытатын мектепте қазақ тілін оқыту жайына тоқталып, бірқатар мәселелерді ортаға салды. Артынша сөз алған шара модераторы, Жастар ресурс орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Қадырғалиев те тіл мәселесі, тіл мәдениеті жайлы айтты.
Қызу пікір алмасу, еркін ой білдіру жағдайында өткен шара соңын Достық үйінің басшысы Гүлмира Ғилымқызы:- Тіл мерекесін тойлаудағы мақсатымыз - Қазақстан халықтарының өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту.
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Тілімізді қадірлейік, құрметтейік,- деп тәмамдады.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz