Елімізде өткен жылдан бастап «Аналар күні» мен «Әкелер күні» мереке ретінде бекітілген еді. Бұл жаңа мерекелер отбасы институтын нығайтуға, ана мен әке мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал ететіні сөзсіз.
Теректі аудандық мәдениет үйінде «Әке жолы — ізгі жол» атты мәдени-танымдық шара өтті. Меймандар ең алдымен кітап көрмесін және әке хақындағы бейнебаянды тамашалды.
Арнайы жасақталған студияға ұлттық дәстүрді ұлықтап, отбасы құндылықтарын жоғары қойып, ұрпақ тәрбиесінде әке өнегесін танытып жүрген өнегелі, әрі үлгілі әкелер мен ұлдар қатысты. Тінін тарқатсақ, Долин жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Мирас Әбуғалиев пен ұлы Айбар Әбуғалиев, Теректі ауданы полиция бөлімі, көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Әділбек Баймұханов пен ұлы Бекжан Маханбет келді. Сонымен бірге Теректі аудандық әкімдігінің күзетшісі Ерлан Заров пен ұлы Серікқали Сайлауов, Федоров қазақ жалпы білім беретін мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Ғаділбек Ғалымов пен Ерасыл Үсенов, алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Замир Кабиев пен Бейбарыс Гарифуллиевтер те бақ сынасты.
Әке тәрбиесі — бала үшін әрқашан маңызды һәм баланың болашағына да негізгі бағдар болатыны әмбеге аян. Шара барысында «Әке мен бала арасындағы байланыс қандай? Әке қандай болуы керек?» деген сыңайлы әкелерге сауалдар қойылды.
«Менің әкем...». Дәл осы тақырыпта балалар өз әкелері жөнінде ойларын ортаға салды.
Қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық қой, шіркін! Тәрбие мен өнеге туралы, соның ішінде әке мен балаға қатысты мақал- мәтелдер де аз емес. Осы орайда әкелер мақалды жалғастырып жарысты. Одан әрі олар «Сіз ұлыңызды қаншалықты жақсы білесіз?» деген сауалнамаға жауап қатты. Мұнан соң қатысушылар әке бойындағы дарыны мен оның ізгі жолын жалғастырып жүрген мәдениет және спорт саласы бойынша атақты тұлғалардың жасырылған суреттерін тапты. Сонымен қатар «Шеге қағу», «Асық ату», «Баскетбол» ойындарын ойнап, «Арқадағы сурет» деген тренингке қатысты.
Танымдық шара соңында Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров атаулы күннің мән-маңызына тоқталып, жалпақ жұртшылықты әкелер күнімен құттықтап, жылы лебізін арнады. Сондай-ақ, әке мен балаға салтанатты түрде алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.
Жаһандағы ең қымбат жан — әкелер күнінде ғажап әнннің шырқалмауы мүмкін емес, әрине! Талантты әншілер Елжас Мағзом, Бақытгүл Қабашева, Сұлтан-Бейбарыс Гарифуллиевтер әуезді әндерін әуелетті.
Дана қазақта «тек» деген дүние бар. Яғни әкенің қанымен берілген тәрбие бірінші айтылады. Әке тәрбиесін көрген перзент батыл болады, тағдырдың соққысына сынбайды, қиындыққа төзімді болады. Сондықтан бала үшін ісі, тісі, білегі, жүрегі де бар әке тәрбиесінің орны орасан. Әкенің отбасындағы мәртебесін көтеру мәселесі өте маңызды. «Әкелер күні» халыққа осы асыл қағиданы ұқтыра алса, мұратына жеткені.
Самал Жамет,
Теректі ауданы