Теректі ауданына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының клиенттермен жұмыс істеу бойынша менеджері Гүлдана Қанатова, БҚО бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ кредиттеу бөлімінің бастығы Нұрлан Байзақов, БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының кәсіпкерлік және сауда бөлімінің басшысы Мейрам Қабдығалиев, «Aqjaiyq» ӘКК Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, кредиттеу және кредиттен кейінгі қызмет көрсету департаментінің бас менеджері Азамат Ахметовтер арнайы атбасын тіреді.
Басты мақсат – БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру.
Айта кетейік, меймандар осыған дейін Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала аудандарында болып, жалпақ жұртшылықпен кездескен. «Достық» үйінде өткен шара барысында олар мемлекеттік қолдаудың тиімділігін, шарттарын және мал шаруашылығы, кәсіп ашу, кредит алу хақында ауқымды түрде түсіндіріп берді.
Бетпе-бет кездесуде «Покатилов» ЖШС басшысы Дмитрий Нарушев шаруашылыққа қажет арнайы техниканы субсидия бойынша қалай алуға болатынын, ал «Сүйін ұрпағы» шаруа қожалығының басшысы Ертарғын Менешов асыл тұқымды мал басын алу жөнінде сауалдарын ортаға салды.
Сала мамандары әр сауалды мұқият тыңдап, тұшымды жауап қайтарды.
Айшабибі Мәмет
Теректі ауданы