Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында білім берудің қолжетімді әрі сапалы болуына жағдай жасау жайын баса айтқан болатын. «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деген Мемлекет басшысы қарапайым мектептерге қолдау көрсетуді тапсырды.
Бүгінде Президент тапсырмасы бойынша нақты шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі – "Mobile shools" жобасы. Жоба аясында университет оқытушылары ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсартуға қолдау көрсетеді.
Осы орайда Теректі ауданында алғашқы қадамдар жасалды. Өңірдегі белді жоғары оқу орны Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеттің филология факультетінің деканы Аскен Мұхамбетқалиев пен Магистраль мектебінің директоры Аймангүл Жарасова меморандумға қол қойды.
Екі жақтың бірлескен жұмыс жоспары да жасалды. Жоспар бойынша 25-30 сәуір аралығында арнайы апталық өтеді.
Гүлстан Сатыбалдиева,
Теректі аудандық білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы