Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында «Үздік ауыл» және жергілікті деңгейде кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, жер, ветеринария салаларындағы өзгерістер туралы тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинар жұмысына БҚО әкімі Ғали Есқалиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов бастаған аталмыш ауданға қарасты округ әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Ауданға ат басын бұрған қонақтар Ақжайық ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы «Масқар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Өндірістік кооператив «Абай» шаруа қожалығы жанынан 2020 жылы құрылған. Құрамында 20-дан астам адам бар. Олардың барлығы Абай ауылының тұрғындары. Кооператив екі бағыт бойынша жұмыс жасайды. Бірінші – ауылда мал бағымын ұйымдастыру, екінші – Абайға сүтті бағытта асыл тұқымды мал әкелу. Жүйелі жұмыс өз жемісін беруде. Бүгінгі таңда кооператив Павлодар облысынан 30 бас сементал тұқымдас ірі қара әкелген. Оның 16-сы «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз қаражатқа ие болған кооператив мүшелеріне берілген. Сонымен қатар, кооператив жанынан мал бақташасын жұмысқа қабылдап, Абай ауылында бір бағытта ауыл тұрғындарының малын бағу ұйымдастырылған. Бұл жөнінде аталмыш кооперативтің жұмысын қолға алған «Абай» шаруа қожалығының басшысы Талғат Қайнекешов баяндады.
Одан кейін облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы және семинар жұмысына қатысушылар Ақжайық ауылындағы «Айша» жеке бөбекжайының тынысына қанықты. Жеке бөбекжай 13 адамды жұмыспен қамтып отыр. 75 бала тәрбиелеп отырған балабақша директоры Светлана Хайруллинаның айтуынша, 2020-2021 жылдары 23 млн теңгеге Ақжайық ауылындағы 1982 жылы негізі қаланған ғимарат күрделі жөндеуден өткен. Кәсіпкер Қайырғали Ахметалиев қаржының 50 пайызын өз есебінен шығарса, 50 пайызы несие көмегімен жүзеге асқан. Облыс басшысы бөбекжай ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.
«Үздік ауыл» және жергілікті деңгейде кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, жер, ветеринария салаларындағы өзгерістер туралы тәжірибе алмасу семинар жұмысы Ақжайық мәдениет үйінде жалғасты.
Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы