22.05.2024, 23:00
Оқылды: 84

Теректіде он жылдан кейінгі «Маусымашар – 2024» жайдарман ойыны өтті

Бүгін Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен жайдарман ойынының аудандық лигасының маусымы ашылды. Жастар қолға алған жайдарман ойыны аудандық мәдени-демалыс орталығы тарапынан қолдау тапты.

FB_IMG_1716480550659

Маусымашардың тізгінін шағандық жас мұғалім, республикалық ойындарда өңір намысын қорғап жүрген жайдарманшы Бағжан Серіков тізгіндеді. Аз да болса, көрермен залынан табылған жұртшылықпен еркін форматта сәлемдесіп, жайдарманның жайдарлы көңіл күйін сезіндірді.

Маусымда алты команда бақ сынайды. Атап айтсақ, аудандық «Дат» театрының мүшелерінен құралған «Белесимо», Ұзынкөл ауылдық округінің «Ауыл жастары», Жаңа Өмір ауылының «Назар», Покатиловка ауылының «Толқын», теректілік «БХР», «Бикеш» топтары ауданымыздағы жайдарманға жаңа леппен келді.

Командаларға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Аман Байғали, аудандық «Теректі жаңалығы» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Әділет Орынбасаров, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Нұрсұлтан Қадырғалиев, орталықтың жетекші маманы Дастан Төлеген қазылық етті.

FB_IMG_1716480546191

Жас жайдарманшылардың аяқ алысы қуантады. Он жылдан кейін жарқырап келген жастар астарлы әзілдер арқылы қоғамдағы мәселелерді түйреп шықты. Қазылар алқасы әр екі командадан кейін өз ойларымен бөлісіп, жақсы тұстарына сүйсініп, кемшіліктерін ескертіп отырды. Бұл лигаға дейін ауданымызда бір реттік ойындар, әкім кубогы сияқты додалар ғана ұйымдастырылған. Оның өзінде теректілік жастар жүлдеге іліге алмай қалатын еді. Ал оларға Теректі лигасы – үлкен мектеп. Соңында жайдарман ойынының шымылдығын жоғары деңгейде ашқан команданың бәріне алғысхат табысталды. Сондай-ақ «Үздік команда» аталымын «Белесимо» тобы, «Үздік ойыншы» аталымын аудан абыройын облыстық лигаларда асқақтатып жүрген «БХР» тобының ойыншысы Артур Асқаров жеңіп алды. Жүргізуші келесі ойындарға сәттілік тілеп, маусымашарды түйіндеді.

FB_IMG_1716480566986

Тілшінің қосымша пікірі:

Әзілдерді хабарлау сауаттылығы, тіл тазалығы төмен деңгейде болды. Мысалы команданың біріндегі «Джеки Чан шымкентский болса» деген әзілді «шымкенттік болса» деп неге хабарламасқа? Ойын барысындағы құлаққа түрпідей тиетін тұрпайы сөздерді айтпағанда аудандық газет хақында айтылған түкке тұрғысыз әзілдер де көңіл құлазытты. Сөз жоқ! Алғашқы ойын болған соң қателіктері кешірімді. Дегенмен тұтас ауданның айнасын әжетхана қағазына теңейтін деңгейге жетсек... Әрісін айтуға ауыз бармайды. Мұны алдын ала тексеретін лига тәлімгерлері, жетекшілері аса қырағылықпен қадағалағандары жөн.

Ақтілек Әлібек,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале