Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен "Әйел. Қоғам. Болашақ" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, мәдени-демалыс орталығының қолдауымен Жастар жылы аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау, жанұя мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру, мәртебесін арттыру, әке мен ананың рөлін қалыптастыру мақсатында аудандық "Отбасылық демалыс" атты жас отбасылар фото байқауының қорытынды кеші өтті.
Түске дейін аудан тұрғындары мен Федоров қазақ және Федоров №1 мектептерінің оқушылары мәдениет үйіндегі байқауға қатысушылардың, үлгілі отбасылардың фотоларынан құралған көрмені тамашалады.
Түстен соң, көптен күткен марапаттау кезеңі басталды. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов фото байқауға аудан бойынша 18 бен 35 жастағы барлығы 10 отбасы қатысқанын, байқау шарты бойынша әр қатысушы жанұясымен өткізген демалысынан 3 фото жіберіп, қалай демалғандарын баяндайтын 1 беттік эссе жазуы қажеттігін айтты. Жаннұр Бекбауұлы жеңімпаздарды анықтайтын комиссия мүшелерінің фотолардың сапасы мен эссенің жазылу стиліне мұқият көңіл бөлгендерін жеткізді.
Сонымен аудандық "Отбасылық демалыс" жас отбасылар фото байқауында жүлделі ІІІ орын жексенбінің әр уақытын ұтымды пайдаланатын, үлгілі Ақсоғым ауылдық округінің Арстановтар әулетіне бұйырды. ІІ орынды Федоров ауылдық округінің жас жанұясы, фотолары ерекше, өте сапалы, үш ай сайын фотосессия жасайтын Нұралиевтер отбасы алды. Жіберген суреттерінен шынайылық желдей есетін, апта сайын табиғат аясында жанұясымен демалуды әдеттеріне айналдырған, эсселері байқау шартына сай қысқа да нұсқа, көркем жазылған Ақжайық ауылдық округінен келген Сәбитовтер жанұясы І орынға лайықты деп танылды. Бұл отбасының ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, балаларының нағыз қазақы тәрбиені бойларына сіңіріп өсуі үшін жағдай жасап отырғаны комиссия мүшелерін тәнті етті.
Байқауды ұйымдастырушы, "Әйел. Қоғам. Болашақ" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Төлегенова алтын уақыттарын бөліп келген теректіліктерге, бақ сынаған жас жанұяларға алғыс айтып, алғысхат иелеріне сыйлықтарын табыстады.
Ақсуат ауылдық округінің Салиховтар отбасы, Федоров ауылынан Қадырғалиевтер, Ақжайықтың Мұрадымовтар және Ахметовтар жанұялары, Новопавлов ауылының Саламатовтар отбасы, Шалқардан Уразхаевтар және Тасқалиевтер әулеттері фото байқауға белсенді қатысқандары үшін алғысхат алды.
Аягөз Айтқалиева
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер