20.10.2025, 19:00
Оқылды: 111

Теректіде өткен «Бірінші сынып жұлдызы – 2025» байқауында кішкентайлар үлкен сахнаға шықты

Теректі ауданында бүлдіршіндерге арналған дәстүрлі «Бірінші сынып жұлдызы – 2025» байқауы өтті. Биылғы сайысқа аудан мен ауыл мектептерінің 15 оқушысы қатысып, өз өнерлерін көпшілікке паш етті.

561287289_3086609391520934_1161248363184804349_n

Мерекелік шара гимнастикалық «Өрлеу» би ансамблінің «Учат в школе» биімен ашылды. Көрермендер алдына жүргізушілер шығып, кішкентай жұлдыздарға сәттілік тіледі. Шараның басты мақсаты – мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушылардың бойындағы талантты, тапқырлық пен батылдықты таныту болды.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде қатысушылар өздері туралы, отбасылары мен қызығушылықтары жайлы шығармашылық түрде әңгімелеп берді. Екінші кезеңде бүлдіршіндерге экраннан көрсетілген анимациялық кейіпкерлердің атын табу тапсырмасы берілді.

Соңғы, үшінші кезеңде сахна мерекелік көңіл-күйге бөленді. Бірі ән шырқап, енді бірі би билеп, поэзия оқыды.

Мысалы, Сәлім Адина Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңін оқыса, Қайырғали Айша Абайдың «Әсемпаз болса әрнеге» өлеңін орындады.

Марат Мансұр «Шабандоз» биімен көрермен ықыласына бөленсе, Зинетулла Қарақат «Бақытты бала» әнін шырқады.

Еділбай Көзайым «Кел, билейік, балақай» әнімен сахнаны жандандырып, Ихсанова Айсана нәзік қимылмен «Аққу» биін орындады.

Марат Назерке «Шеше, сен бақыттысың» өлеңін тебірене жеткізсе, Кусаинова Солидад «Бала тілегі» әнін шырқады.

Сондай-ақ Азбергенова Даяна, Амандық Ақниет, Нағимолла Ержігіт, Мұханбетқали Қарақат және Нурланов Ибрахим заманауи әрі классикалық билер арқылы сахнаға ерекше серпін берді.

Кеш соңында Қанат Әдия «Әжетайым» әнін орындап, көрермендерді толқытты.

Байқаудың қазылар алқасы құрамында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Раймгүл Қажғалиева, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Жұлдыз» би ансамблінің жетекшісі Жанар Тайшыбаева және мәдени-демалыс орталығының әншісі Бақытгүл Қабашева болды.

Көрермендер қатысушылардың әр өнерін ыстық ықыласпен қабылдап, қолдау көрсетті. Жүргізушілер бүлдіршіндердің батылдығын ерекше атап өтіп, олардың сахнада еркін өнер көрсетуін үлкен жетістік деп бағалады.

Қазылар алқасы барлық қатысушылардың еңбегін жоғары бағалап, жеңімпаздарды арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.

Байқаудың қорытындысы бойынша Айша Қайырғали (Ақжайық ауылы) мен Ибрахим Нурланов (Теректі ауылы) ерекше өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Кеш соңында ұйымдастырушылар ата-аналар мен ұстаздарға алғыс айтып, балалардың болашағына шығармашылық табыс тіледі.

«Бірінші сынып жұлдызы – 2025» — кішкентай жүректердің үлкен сахнадағы алғашқы қадамы ғана емес, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған игі дәстүрге айналып келеді.

Әдемі Талғатқызы
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале