«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Подстепный ауылы – Орал қаласы бағыты бойынша жүретін «Оралавтотранс» ЖШС-ның №12 маршрутына рейд жүргізді.
Құрамында партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхат Жанбоз, аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Әділет Орынбасаров және аудандық жұмыспен қамту бөлімінің өкілі бар топ жобаның бағалау парағында көрсетілген мүмкіндіктер бойынша автобустарды аралап, мүмкіндігі шектеулі жандардың пікірін тыңдады.
Мысалы, ІІІ топ мүгедегі Қамбар Сәлімбаев аялдамалардың атауы көрінетін жарықты табло автобустарда орнатылса дейді. Ал І топ мүгедегі Әйгерім Нықан қоғамдық көлікте, соның ішінде Подстепный ауылына қатынайтын автобуста мүгедектерге арналған сырғыма баспалдақтың жоқтығына айтты. Мүмкіндігі шектеулі жандар жол жүру бағасында жеңілдіктер болса екен деген өтініштерін де айтып қалды.
Нұрхат Мұтиғоллаұлы барлық өтініштерді жазып алып, «Кедергісіз келешек» жобасының мақсат-міндеттерін түсіндірді.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер