Биыл елімізде көлемі жағынан соңғы сексенінші жылдағы ең үлкен табиғи апатқа, яғни су тасқынына байланысты Қазақстанның 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл бағытта азаматтық қорғаныс, мемлекеттік жүйе қызметтері су тасқынының салдарын жою, қарғын суға қарсы іс-шараларды, апаттық құтқару жұмыстарын жүргізсе, батысқазақстандық еріктілер мен жастар тасқынмен күрестен бұғып қалмай, судың беті қайтуына өз үлестерін қосты. Осы орайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өткен еді.
Міне, бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев тасқын су 105 үйге ентелеп кірген Подстепный ауылындағы ағайынға су жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстады. Бүгінгі таңда 50 үйдің құрылысы мәреге жетіп, тұрғындар қонысында той болып жатыр. «Ақжайық» жеке қорының қайырымдылық көмегі шеңберінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға арналған бір қабатты бір пәтерлі тұрғын үйлер салу бойынша жасалған құрылыс мердігерлік шартына сәйкес «СКФ Отделстрой» ЖШС (директоры – Валентина Михно), «Атамекен Инвест Групп» ЖШС (директоры – Жанболат Аманғалиев), «СВС Батыс» ЖШС (директоры – Замир Сәрсенбаев), «Сhrystal geration ltd» ЖШС (директоры – Ахметжан Кенжеғұлов), «BatysKurylysService» ЖШС (директоры – Данияр Қарашегенов), «Beta Services» ЖШС (директоры – Бекболат Шканов), «Гранд Инд Құрылыс» ЖШС (директоры – Айболат Қалиев), «Сәтті Сәулет» ЖШС (директоры – Сәбит Бекқалиев) құрылыс жұмыстарын жүзеге асырып, сәтті аяқтады.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы еселі еңбекті атап өтіп, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап тұрған подстепныйлықтарға лебізін білдіріп, кілттерді үлестірді. Бас-аяғы 50-ге жуық тұрғын мәз-мейрам болып, төбелері көкке бір елі жетпей қалды.
- Биыл көктемгі су тасқыны бес ауданымыздың және Орал қаласының саяжай тұрғындарын біраз әбігерге салды. Дегенмен осы қиындық ел болып бірігуіміздің арқасында артта қалды. Қазақстан Республикасының Президенті қиын-қыстау кезеңде барлық әкімдерге қатаң тапсырмасын берді. Мақсат – тасқында қалған әр қазақтың жағдайын қалпына келтіру. Осы Үндеуге сәйкес кәсіпкерлер де қолұшын созып, қаржылай демеушілік көрсетті. Облысымызда 775 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Подстепный, Аңқаты ауылдарында 130 үй бой көтереді. Сапалы аяқталып, жұртшылық еңсесін тіктеуге сеп болған 50 үйдің кілтін табыс еткелі тұрмын. Бұған дейін Бөрлі ауданында 60 тұрғын үй берілді. 1000-нан астам саяжай тұрғындары да жаңа баспанаға кіріп үлгерді. Жаңа оқу жылына дейін Сырым, Қаратөбе аудандарының және Орал қаласының тұрғындары шаңырақтарына кіреді,- деді облыс әкімі өз сөзінде.
Қоныстойдың дүбірі естіліп жатқан ауылға өңір басшысы жиі келіп, құрылыс жұмыстарын тексеріп жүрді. Рас, оңай болмады. Бұл ауызбіршілік танытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған исі қазақтың жеңісі. Қуаныштан жылап қоя берген ауыл тұрғындары риясыз алғыстарын жаудырып, бөріктерін аспанға атты. Қазбек би көшесінің тұрғыны Нұрбек Зайнуллин:
- Осы сәтті пайдаланып, шынайы рақметімді айтқым келеді. Ауылды су басып, бәріміз ағайын-туманы паналап, пәтер де жағалап кеткен едік. Адам болған соң неше түрлі ойлар келеді ғой. Енді қайтеміз деп, есеңгіреп қалдық. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауы, облыс, аудан, ауыл әкімдіктерінің жүйелі жұмыстары өз нәтижесін көрсетті. Баспана кілтін алып тұрған көршілерді, ауылдастарымды шын жүректен құттықтаймын,- деді өз сөзінде.
Ел болып ұйысуда жұмылған жұдырықтай болған ағайынға ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Аудан өнерпазы Бақытгүл Қабашева ән салып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шындығында бұл баспана кілттері – бас бірліктің белгісі.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы