Теректі ауданының Подстепный ауылында отбасы мәселелеріне арналған рухани кеш өтті. Кештің басты қонағы болған БҚО орталық мешітінің наиб имамы Бақытжан Құралбайұлы көптеген сұраққа тұшымды жауаптар бере алды.
Қоғамда жас отбасылар арасында кикілжіңдер мен ажырасу фактілері көп. Оның бірден-бір себебі отбасы институтының дұрыс насихатталмауынан.
-Кез келген отбасында билікке таласу кеңінен үрдіс алған. Ер де, әйел де өз орындарын белгілеп алғысы келеді. Ол дұрыс емес. Отбасы сыйластықта өркен жайып, өзара түсіністікте қалыптасады. Әйелдің бәрі гүл іспетті. Ал гүлдің әдемі болуы бағбанның қолында. Яғни, ер азамат өз жұбына көңіл бөліп, жылы сөздерін аямау қажет. Ал жақсы әйел жаман еркектің өзін төрге қарай сүйрейтінін ескеруіміз қажет, - деді Бақытжан Құралбайұлы.
Кездесу барысында бала тәрбиесіне де көңіл бөлінді. Ауданға келген құрметті қонақ ұрпақты тәрбиелеуде аянып қалмау керектігін баса айтты.
-Адам алдымен өз-өзін тәрбиелеу керек. Дастархан үстінде ата-ананың екі көзі телефонда болса, бала да соны қайталайды. Егер балаңыз түрлі сауалдармен мазаңызды алса, оған жекіп, дауыс көтермеңіз. Баланы тыңдай білу керек. Сұрақтарына жауап беріп, әңгіме-дүкен құруларыңыз тиіс. Бала сауалдарына жауапты үйден таппаса, көшеден іздейді. Міне, осы сәтте сіз балаңыздан айырыласыз. Қоғамда ұстаздардың статусын арттыру қажет. Ата-ана баласына ұстазды сыйлау, білмегенін мұғалімнен сұрау керектігін жиі құлақтарына құйып отырса игі. Қазір жасөспірімдердің арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері көбейіп тұр. Бала тығырыққа тірелгенде айналып өтер жолдың барын айтып, сол жолдарды нұсқасаңыз осы статистика төмендер еді. Сайып келгенде, ала тәрбиесінде табандылық қажет. Неге қоғамда қарттар үйі көп? Себебі отбасында қазақы тәрбие жоқ. Ата-ана балаға көңіл бөлмегесін осындай сұмдықтар көбеюде, - деді наиб имам.
Рухани кештің аясында тыңдармандар да өз сауалдарын қойып, ауыл ақсақалдары ғибратты әңгімелері үшін Бақытжан Құралбайұлына алғыс білдірді. Теректіліктер шараны ұйымдастырған аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Бірлік» қоғамдық бірлестігіне осындай тағылымды кездесулер көбірек өткізілсе екен деген тілектерін жеткізді.
Әділет Әлібекұлы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер