7.03.2026, 12:00
Оқылды: 5

Теректіде салт-дәстүрді жаңғыртуға арналған танымдық шара өтті

Кеше «Қазақ аналарының ұршық иіру дәстүрі» деген атаумен Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейінде салт-дәстүрді жаңғырту және насихаттау мақсатында танымдық шара өткізілді.

IMG_9063

Алғашқы сөз тізгінін музей меңгерушісі Аманжол Салимов алып, құттықтау сөз сөйлеп, шараның шымылдығын ашты. Кездесу барысында мұражай қорындағы қазақ әйелдерінің тарихи бейнесін көрсететін фотосуреттермен және жәдігерлермен таныстырып, кілемдердің тарихы жөнінде баяндады.
Келесі сөз кезегі музей экскурсоводы Гүлім Елемесқызына беріліп, жиналған қатысушыларға ұршық туралы тарихи мәліметтер жеткізіп, оның түрлерімен таныстырып өтті.
Аталмыш шараға арнайы қатысқан меймандар қатарында «Шежіре» әжелер ансамблі бой көрсетіп, ұршық иіру маңызы жайлы айтты. Ақ жаулықты әжелер қазақ мәдениетінде әйел еңбегінің, ұқыптылық пен шеберліктің белгісі екенін жеткізіп, жүн түтуді, ұршықпен жіп иірудің қалай жасалатынын көрсетті. Қатысушылар әжелермен бірге әсем ән шырқап, осы дәстүрлі ортаның атмосферасын сезінді.

IMG_9062
Қолөнер шебері Алмагүл Мұстафаевна өз қолынан шыққан заманауи тоқылған бұйымдарымен таныстырып, олардың қалай жасалатыны және тоқу барысында қолданылатын әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар бұл жәй ғана қолөнер емес, жанға терапия екенін түсіндіріп әрі балалардың ұсақ моторикасын дамытатынын атап өтті. Шара барысында №1 Федоровка ЖОББ мектеп оқушылары әжелерге көрісіп, баталарын алып, тәттіге кенелді. Балалар алғыс ретінде шағын ән мен тақпақтарын арнап, сондай-ақ домбыра сүйемелдеуімен қонақтарға мерекелік ән -шашу тарту етілді.

IMG_9064
Отырыс соңында қазақ халқының қонақжайлық дәстүрі көрсетіліп, мерекелік ақ дастархан жайылды.

IMG_9065
Бұл шара жаңару мен жақсылықтың белгісі болған көктемнің мерекелік күндерін бір арнаға тоғыстырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған танымдық басқосу болды.

Қаламқас Аманжолқызы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале