3.07.2024, 15:30
Оқылды: 524

Теректіде табиғи минералды су өндіретін «Batysminiralsu» зауыты ашылды

Енді дүкен сөрелеріндегі тұтынушы ойланбастан сатып алатын «Tassay», «Bonaqua», «Borjomi» сынды ауыз судың қатарын «Sartay» толықтырады. Иә, біз су дәмсіз һәм түссіз дейміз. Бірақ «Sartay»-ды ішкен жан дәмі тіл үйіретінін бірден сезеді. Яғни, бұл түсінікті бүгін тұсауы кесіліп, көптің сұранысын туғызған бөтелкедегі ауыз су жойды деуге болады.

су 1

Ашып айтсақ, Подстепный ауылдық округінің Юбилейный ауылында «Sartay» сауда белгісімен табиғи минералды ауыз су өндіретін «Batysminiralsu» ЖШС зауытының ашылу салтанаты өтті. Ауыл аумағынан су көзі табылып, еліміздегі һәм Ресей Федерациясындағы зерттеу институттары аталмыш судың емдік қасиеті барын анықтаған.

Ересек адамның орташа тәуліктік  қажеттілігі 200-300 мкг/дм3 десек, емдік-асханалық судың бір бөтелкесінде 60-100 мкг/дм3 йод бар.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан жобалардың тінін тарқатты.

– Инвестиция тартып, кәсіп ауқымын кеңейтіп, елдің сұранысына сай қызмет көрсету күн тәртібінен түспейді. Облыс көлемінде келелі жобалар құлашын кеңге жайды. Былтырғы қорытындыға сүйенсек, инвестиция жұмылдырулы 16 пайызға артық орындадық. Ал биыл 118 млрд теңгеге 26 жобаны іске қосқалы отырмыз. Міне, соның ішінде «Sartay» минералды таза суымыз төртінші жоба, - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.

су3

Сондай-ақ облыс әкімі жылдың соңына дейін 700 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарда бар екенін мәлім етті. Осыншама инвестиция тартудағы көздеген бағыт – жаңа жұмыс орындарын ашу.

Жалпақ жұртты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ашылған зауытта 60 адам жұмыс істемек. Ал құрылысы жүріп жатқанда 30 адам маңдай терін төккен. Сонда алақандай ауылдағы бір ғана зауыт 90 адамды жұмыспен қамтыған екен.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, бірқатар билік тізгінін ұстаған басшылар, қаржыландыруға атсалысқан Қазақстанның ең ірі бес банк тізіміне кіретін «ForteBank» акционерлік қоғамының ұжымы тілекке қосылып, сәттілік тіледі.

су 2

Шашу шашылып, оркестр ән шырқап жатқан көңіл серпілткен сәтте облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен зауыттың бас директоры Әлішер Оңталапұлы зауыттың лентасын қиды.

Ішке ұмтылған жұртшылық кәдімгі ауыз су, минералды, газдалған ауыз судың қалай дайындалатынын, бізге жетпей, қандай құрылғылардан өтетінін көруге асықты. Арнайы мамандар жер астынан шығатын судың ішкен адамға күш-қуат беретінін айтты.

Құны 2 млрд теңгені құрайтын жоба өнімінің атауы не үшін «Sartay» десеңіздер, би және батыр болған бабаның атын ұлықтауға арналған. 1711-1785 жылдары өмір сүрген, Кіші жүздің Әлім тайпасының Жақайым руынан тараған тұлға. Он бес жасында қалың қолды бастап, жауға тойтарыс берген батырлығымен тарих беттерінде сақталған.

Инвестициялық жобаның елге тамаша дүние ұсынғаны бір бөлек, тарихқа құрмет көрсеткені бір бөлек қой, шіркін-ай!

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале