14.02.2026, 17:08
Оқылды: 4

Теректіде «Тағылымды өмір жолы» атты кездесу кеші өтті

Жуырда Аңқаты мәдениет үйінде еңбек адамы, ауылдың өркендеуіне үлес қосқан құрметті азамат Қайыпқали Молдахметовтың 80 жас мерейтойына арналған «Тағылымды  өмір жолы» атты кездесу кеші өтті.

photo-output

Туған жердің дамуына аянбай тер төккен Қайыпқали ақсақалдың өмір жолы – кейінгі буынға үлгі, өнеге. Саналы ғұмырын елдің өркендеуіне арнап, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, сексеннің сеңгіріне шығып отырған елдің ардақты ұлы көрермен  қошеметіне бөленіп, сахна төріне жайғасты.

Отырыс барысында кеш иесі балалық шағы мен отбасы жайында, өмір жолындағы қызықты сәттермен бөлісіп, еңбек жолында орын алған оқиғалары жөнінде сыр шертті. Сонымен қатар мерейтой иесінің елге сіңірген еңбегі, азаматтық болмысы, адамгершілік қасиеттері кеңінен айтылды. Аталған жиынды айтыскер ақын Ерік Ахметов жүргізіп, әдемі әзіл мен мағыналы ойды ұштастыра отырып, жиынның мазмұнын арттыра түсті. «Ақерке» әжелер ансамблі, Айгүл Жұмағазиева, Әділ Ахметов сынды өнерпаз жерлестеріміз тағылымды кешті әсем әндермен өрнектеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Облыстық Қадыр Мырза Әлі орталығының дәстүрлі әншісі, Республикалық байқаулар жүлдегерлері Нұршат Исламғалиев пен Дамир Сатыбаев өнер көрсетіп, тыңдарман жүрегінен орын алған халық әндері мен термесін шырқаса, «Ақ бота» би тобы қазақтың «Қара жорғасын» мың бұрала билеп басқосудың сәнін келтірді. Аңқаты селолық округінің әкімі Сабырбек Мусин мерейтой иесін арнайы құттықтап, ел дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін алғысын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ Облыстық ардагерлер ұйымы атынан «Еңбек адамы» медалімен марапатталып, иығына құрмет шапаны жабылып, ат мінгізілді. Бұл – ұзақ жылғы адал еңбек пен  маңдай тердің өтеуі.

photo-output

Кеш соңында туған күн иесіне сый - сияпат көрсетіліп, ақжарма тілектер айтылды. Аталмыш жүздесу бір әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың мерейін асырған отырыс, жас ұрпаққа үлгі боларлық кездесу, сыр тарқасқан рухани сұхбат болды. Еңбек адамының ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала бермек. «Батаменен ел көгерер» демекші, қариясын құрметтеп, батасымен сусындап, даналығын өз бойына дарытқан елдің келешегі де жарқын  болмақ.

                                                                                           Қаламқас Аманжолқызы

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале