22.01.2025, 16:30
Оқылды: 34

Теректіде тасқынға дайындық тексерілді

Теректі ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Подстепное ауылдық округі аумағындағы су тасқынына қарсы салынған бөгеттің құрылыс жұмысын тексеріп шықты.

Өткен жылғы көктемгі тасқында Подстепное ауылы облыс бойынша еріген қар суынан ең көп зардап шеккен елді мекендердің бірі. Даладан келген қар суы ауылдың шетіндегі ескі бөгеттен асып, көптеген тұрғын үй зардап шеккен болатын. Бүгінде жаңа үйлер салынып, тұрғындарға табысталды. Ал, ауылдың су шайған бағытына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен ұзындығы 4,2 шақырым жаңа бөгет салынды.

472801401_2805094723005737_6544272431631894704_n

«Бүгін барлық аудан әкімдерінің және облыстық деңгейдегі құзырлы мекемелердің қатысуымен төтенше жағдайларға қарсы комиссия отырысын өткіздік. Комиссия отырысында көтерілген басты мәселе – көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары болды. Себебі, өткен жылғы тасқыннан сабақ алдық, оның үстіне биылғы ауа райы, тоңның қалыңдығы өткен жылғымен ұқсас. Қазір қар болмағанымен тоң бетіне еріп қатқан мұз бар. Осыған орай, бүгінгі таңда Бөкей Ордасынан басқа 11 ауданда дәл осындай көктемгі тасқынға дайындық жұмыстары жүруде. Қазір келіп тұрған Подстепное ауылында өткен жылы 105 тұрғын үй суға кетті.

Өздеріңіз көріп тұрған дамбыны салу бойынша өткен жылы тапсырма берілген болатын. Биіктігі 2 метрге дейін жететін бөгет топырақпен көтеріліп, арнайы биотекстиль материялымен жабылып, қиыршық тастармен көміліп, су келетін жағы тасқынға қарсы материалмен және бетонмен шегенделген. Жалпы облыс бойынша осындай 154 қорғаныс бөгеттері салынды.

472763906_2805094693005740_7635311494155455078_n

Қазір Ресейдегі Ирикла су қоймасы 83 пайызға толып тұр, яғни 3 млрд 200 млн текше метр су бар. Көршілес Орынбор облысындағы әріптестерімізбен байланысып, жағдайды бақылап отырмыз. Өз кезегінде облысымызға қарасты су қоймаларын көктемгі тасқынға дайындап, босатып қойдық. Көктемгі су тасқынына су сорғы, моторлы қайық, т,б 1800 дана техника дайын тұр. Сонымен қатар, өткен жылы төтенше жағдайлар министріне тік ұшақтың жоқтығы туралы баяндаған болатынмын, биыл тиісінше бізге ол техника берілді, қазір әуежайда тұр», деді облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы.

Сондай-ақ, блыс басшысы аудандық әріптестеріне су тасқыны мәселесін назардан тыс қалдырмауды тапсырып, тасқынға қарсы бөгет құрылыстарының жұмысы жеке бақылауында екенін жеткізді.

Рауан Сатыбалдиев,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале