Теректі аудандық Достық үйі ғимаратында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Жиынға желтоқсан оқиғасына қатысушы Ләйлә Қаражігітова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиқанов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Аманжол Салимов, бөлім мамандары, оқушылар қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров жүргізіп, қатысушылар мен шақырылған қонақтарға алғысын білдірді.
Алғаш болып «Тәуелсіздік – ел бақыты» тақырыбында Подстепное жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Сейдахметов баяндама жасады.
Аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин «Ойламаңдар, жігітер» термесін орындаса, ақын Әділет Орынбасаров, мәдениет үйі қызметкері Әділбек Қожабеков, Федоровка №1 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Мирас Исламов өлең оқыды. Одан әрі аудандық орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы Айым Бахтиярова ауылдық округтерде өтіп жатырған кітап көрмелері мен әдеби кештер жайына тоқталды.
Шараның басты қонағы Ләйлә Қаражігітова сол бір желтоқсанның ызғарлы күніндегі естелігімен бөлісті.
- Мен сол 1986 жылы Алматыда студентпін. Қызыл Ту орденді ауылшаруашылығы институтының соңғы, 5 курсында оқып жүрмін. 16 желтоқсан күні біз алаңда толқу болып, жастар жиналғанын оқу корпусында отырып естідік. Бізді ғимараттан шығармайды. Оқытушылар жағы, сырттан келген лауазымды адамдар «Алаңға бармаңдар. Ол жер қауіпті. Жиналғандар ылғи нашақорлар мен алкоголиктер» деп үгіттеді. Не де болса, бізді алаңға жібермеу амалдары жасалды.
Келесі күні жатақханадан оқу корпусына қарай Абай даңғылымен, жаяу жүргінші жолымен келе жаттық. Шерулеуге жиналған топ адамдар. Намыс қысып барады. Содан қасымдағы құрбыларыммен, менен басқа тағы екі қыз бен бір ұл бар, алаңға қарай бардық. Ол жерде нашақор-ішкіштер емес, өзіміз сияқты жастарды көрдік. Қарусыз, құрқол жастарға қарсы 30 шақты автокөлікке тиеген солдаттарды әкелді. Қолдарында сойыл. Алаңға бет алғандарды жұлқып, бұрап машинаға тиеп жатыр. Солдаттардан қашып, аула-ауланы тасалаймыз. Қуып жеткендерін ұрып жығып, алып кетеді. Ұл ма, қыз ба, қарап жатқан жоқ. Солай толқындатып, қашып-қуып студенттер жатақханасына жеттік. Осы жерде мен жертөле терезесінің алдындағы шұңғырға оңбай құладым. Мені көріп қалған жігіттер құтқарып алды. Бет-аузым жырылған, қанап жатыр. Жігіттер тоқтатпастан «1 қабатта тоқтама, бұл жерге солдаттар кіріп, ұрып алып кетеді» деп бірден 2 қабатқа шығарды. Мен кірген бөлмеде кереуетте қызыл қан болған бір бала жатты. Бірге шыққан құрбым да солдаттардың сойылының «дәмін татқан». Тағы бір құрбым солдаттар қуаған кезде құлаған. Арқасында етіктің ізі қалған.
Сол кезде мені таң қалдырғаны, фотоға түсіріп жүргендер көшеде көп болды. Оның өзіндік сыры бар екен, соңынан білдік. Әлгі фотолардан бет-әлпеті көрінген адамдарды жаппай қудалап, сабақтан шығарып тастады.
Жырылған-жарылған жарақаттарды көрсе, ешкім басымыздан сипамасы анық. Сондықтан бір-бірімізге болысып, бояуды қалың жағып бардық сабаққа. Сол күндердегі қанымызда қайнаған намыс бізді біріктірді,- деп қайырды ол әңгімесін.
Желтоқсаншының бастан өткен ауыр жағдайын барлығы асқан үнсіздікпен, мұқият тыңдады.
Шақырылған қонақтар да бүгінгі бейбітшілігімізден айрылмай, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деген тілекпен тарқасты. Мәдениет үйі өнерпаздеры әсем әнмен жиын нүктесін қойды.
Жауһар Нұрым,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz