29.10.2024, 20:00
Оқылды: 249

Теректіде тіліміз тасада қалған жиын болды

Бүгін Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «ASAR ORAL» жеке қорының ұйымдастыруымен аудандық Достық үйінде «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – ортақ міндет!» тақырыбында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен мектеп оқушылары және жастар арасында кездесу ұйымдастырылды.

IMG_6413

Бұл жүздесудің есеп үшін өткендігін байқау үшін аса бір ойланып қажет емес. Бір топ оқушыны әуелі тіркеп, аты-жөнін сұрап, санға жұмыс істеген қор жетекшісі Ғалия Сатыбалдина алғашқы сөзін «суретке түсіріп беріңдерші» деп бастады. Жемқорлық хақында ақпараттарға қанығайын деп келген алдыңғы қатардағы бір оқушы сол сәтте фотограф болып шыға келді.

Жетекшінің онысын жылы жауып, ақтап алуға болады-ақ. Дегенмен мемлекеттік тілдің тапталғанын қалайша ақтаймыз? Қысқасы, Ғалия Кәмшатқызының жастарға маңызды тақырыпты неге орысша түсіндіргенін түсіне алмай, дал болдық. Әйтпесе қатысушы оқушының басым көпшілігі қазақша сөйлейтін һәм ойланатындар. Қор жетекшісінің сөзін бөліп, мемлекеттік тілде баяндауын талап еттік. Суретке түсу үшін келген ол онымызды пысқырмады. Әрмен қарай жалғастыра берді. Бар үміт жүздесудің ортасында келген полиция қызметкері Салтанат Байболатова да болып еді.

IMG_6412

Ол да орыс тілінде сайрап, үмітіміз де үгітілді. Әр халықтың тағдырына табиғатпен тартылған сыйы тілі мен жері емес пе? Осынау алтынға бергісіз сыйды бағаламасақ, қазақ болып не керек? Халық болып не керек? Әлбетте бірінші ана тілімізде бастап, кейін орысшаға ойысса мұндай сын болмас еді.

Олардың қазақ тіліне құрмет көрсетпеуі, құрмет көрсету былай тұрсын, онсызда қан-жоса боп жатқан тілді тілгілей түскені жанға батты. Осылайша уақытында басталмай, сарылып күткен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мазмұнындағы жүздесу суретке түсумен аяқталды.

Кездесудің тақырыбын «Кел, суретке түсейік» деп қойса, қайда бара жатқанымызды біліп барар едік қой. Сыбайлас жемқорлықтың қасіреті жетер жеріне жеткізіліп баяндалмаса, болашақтан не қайыр?

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале