13.11.2018, 17:13
Оқылды: 54

Теректіде төртінші деңгейлік бюджеттің енгізілуі талқыланды

Теректі ауданында ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалы «Бюджеттік процестер және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқару» тақырыбында семинар ұйымдастырды.

terekti (2)

Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында өткен семинарға іссапармен елорда төрінен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің аймақтарды талдау және бағалау департаментінің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Бахтияр-Дана Қалабаев, осы басқарманың бас сарапшысы Миржан Иманбаев, Біріккен Ұлттар Ұйымының дамыту бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы жобаларының менеджері Эльдар Идиятов, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік саясат департаментінің бюджет аралық қатынастар басқармасының басшысы Гүлорам Муллабаева келді.

Шараға Ақсай қаласы, Бөрлі, Пугачев, Жымпиты, Бұлдырты, Шыңғырлау және ауданның 15 ауылдық округі әкімдері мен олардың орынбасарлары, бас мамандар қатысты.

Жиында аудан әкімі Әділ Жоламанов биылдан бастап халық саны 2 мыңнан астам аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтерге заң жүзінде төртінші деңгейлі бюджет енгізілгенін мәлімдеді.

-Ауданның 6 ауылдық округінде (Ақжайық, Ақсуат, Подстепный, Федоров, Шағатай және Шаған) төртінші деңгейлі бюджетті енгізу пилоттық режимде іске қосылды. Бүгінде осы 6 ауылдық округтің бюджеті 297 млн. 875,0 мың теңгені құрайды. Өз кірістерінің жылдық жоспары 67 млн. 848,0 мың теңгеге орындалды (89,7%). Аудандық бюджеттен 58 717,0 мың теңге көлемінде трансферттер бөлінді (себебі, өз кірістерінің бөлігі аз). Қазіргі нәтижеміз жаман емес. Салық және салықтан тыс түсімдермен, бюджетті толықтыру мәселелерімен әлі де жұмыстанамыз. Бүгінгі семинарда бюджеттің кіріс және шығыс болжамдарына практикалық көмек көрсетіліп, коммуналдық меншікті әзірлеу және басқару бойынша барлық сұрақтарға толық жауап алатынымызға сенімдімін, - деді Әділ Тауфиқұлы.

Астанадан келген қонақтар семинар өткізудегі көздеген мақсаттарын айтып өтті.

«Осы уақытқа дейін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтердің бюджеттерін әзірлеу, қарау және бекіту бойынша түрлі шараларды облыс орталықтарында өткізіп жүрміз. Дегенмен, бір өкініштісі,  ауылдық округтердегі барлық мамандардың мұндай жиындарға қатысуға мүмкіндігі бола бермейді. Сол себепті, бүгінгі семинарымызды Теректі ауданында өткізіп отырмыз. Бұл басқосуда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтердің бюджет жобасын жасау, бюджет шығыстарын жоспарлау, бюджеттік өтінім жасау тәртібі, бюджеттік бағдарламалар және олардың жобасын жасауға қойылатын талаптар, коммуналдық меншікті басқару жөнінде толық мәлімет береміз», - деді Б.Қалабаев.

Жиында «БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау» ММ бөлім басшысы Райса Еркеғалиева бюджеттің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, бюджет аралық қатынастар және оларды реттеу, трансферттер; «БҚО бойынша қаржы басқармасы» ММ бөлім басшысы Нұркен Хамбетов коммуналдық меншікті басқарудың негізгі мәселелері, жалға беру, сенімді басқару, коммуналды мүлікті жалға берудің шарты; «БҚО бойынша  қаржы басқармасы» ММ бөлім басшысы Әсел Шоныраева мүлікті есептен шығару, кепілге қою, қайта ұйымдастыру; «БҚО бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаменті» ММ бөлім басшысы  Макуза Мұқаева әкімшілік айыппұл салу тәртібі мен мемлекеттік сатып алу рәсімі жөнінде баяндады.

Сегіз сағатқа созылған семинарда қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

Жиын соңында ұйымдастырушылар белсене қатысқан мемқызметкерлерге сертификат табысталды.

terekti (1) terekti (3)

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале