Жарысқа аудан орталығындағы мекемелер қатысты. Атап айтсақ, аудандық әкім аппараты, аудандық орталықтандырылған аурухана, Федоров қазақ орта мектебі және аудандық мәдени-демалыс орталығының командалары бақ сынап, өзара кім мықтыны анықтады. Әр командада 4 ер азаматтан болуы тиіс. Бұл - жарыстың шарты. Аталмыш жарысты тамашалауға арнайы келген аудан әкімі Кәрім Жақыпов сөз сөйлеп, ұлттық спорттың өскелең ұрпақ үшін, жалпы дүйім қазақ үшін маңыздылығын атап өтті.
Доданың бірінші айналымында командалар асық атудан сынға түссе, екінші айналымда иық тірестіруден күштілер ептілігін көрсетіп бақты. Үшінші айналымда ұмыт бола бастаған ләңгі тебу ойыны бір жаңғырса, арқан тартыс пен аударыспақ та жиылған көрермен үшін қызықты болды. Шешуші кезең қой көтеруде Федоров қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ерғали Мырзағалиевке тең келер ешкім болмады. Ол қойды бақандай 40 рет көтеріп, қарсыластарын шаң қаптырып кетті.
Құрамында аудан әкімінің орынбасары А.Тоқжанов, ауданның құрметті азаматы М.Төлегенов және аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ұ.Сайтмұхаев бар қазылар алқасына шешім шығару оңайға соқпады. Нәтижесінде І орынды және бәйгеге тігілген қойды Федоров қазақ орта мектебі командасы жеңіп алды. Жарыстың ІІ орыны аудандық орталықтандырылған ауруханасына бұйырса, ІІІ орынды аудандық мәдени-демалыс орталығы командасы еншіледі. Ал аудандық әкім аппараты командасы «Жеңіске құштарлығы үшін аталыммен марапатталды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Ұлттық спортқа деген көңіл аудан аумағында ерек. Әр мереке сайын асық атудан һәм қой көтеурден жарыстар ұйымдастырылып келеді. «Мұрагер» жарысы осы додалардың заңды жалғасындай. Облысымыздағы аудандар арасында алғаш боп ұлттық спортқа айрықша көңіл бөліп жатқан теректіліктердің бастамасы баршаға үлгі болары ақиқат.
Әділет ОРЫНБАСАРОВ
Теректі ауданы