5.07.2024, 12:15
Оқылды: 66

Теректіде Ұлттық домбыра күні атап өтілді

Теректі ауданының орталығы қазақтың қара домбырасымен шалқыды.

D0DFEFC4-A30D-4545-8ECE-4E728287ACF5

Орталық стадион алаңында өткен «Домбыра – ұлы даланың жаны, рухы, тарихы» шарасы бүтін ауданды ғажайып күйге бөледі. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев пен бірқатар бөлім басшылары теректілік ағайынмен бірген емен-жарқын концерт көрді.

Бұл шараның өзге концерттен ерекшелігі бір мезетте жетпіске жуық теректіліктің домбырада ойнауы болды. Оның ішінде ауданымыздың тәжірибелі күйшілерімен қатар ұлттық өнерге құштар оқушылар бар. Ыстық ықыласқа ие болған олар «Әлқисса» мен «Балбырауын» күйін күмбірлетті.

20240705035635_IMG_7827

Кейін аудан басшысы Әлия Биғазықызы құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнердің дамуына үлес қосып жүрген жандарды марапаттады. Әрмен қарай дәл осындай көңіл-күй дәстүрлі әншілер шеруімен өрнектелді.

Нақтырақ айтсақ, Жеңіс Қайыров, Дәурен Жұмағалиев, Аңсар Сағиев әуелете ән салды. Болашағынан зор үміт күттіретін «Телқоңыр» тобы «Домбыра» деп шырқаса, Оралхан Темірғалиев пен Ерген Мұханбетов күй тартысқа ойысып, сахна төрін нұрландыра түсті.

20240705023732_IMG_7696

Кәмшат Қадырғалиева «Домбыра болып сөйледім», халықтық «Шежіре» әжелер ансамблі «Әгугай домбыра», Ислам Мұрат «Домбыра», Айбек Дәулетқалиев «Сәйгүлік», Бақытгүл Қабашева «Домбыра туралы толғау», Сағидолла Ізделеев «Илигай» әнін орындады.

20240705025043_IMG_7752

Сондай-ақ Теректі топырағындағы Домбыра күнінде әуесқой домбырашылар өзара бақ сынады. Байқаудың ережесі жарияланғаннан бастап, қатысушылар тіркелген еді. Сегіз қатысушының ішінде бүлдіршіндер, оқушылар және мамандығы әрқилы аға буын болды. Саласы басқа болса да, домбыраға жүрегі елжірейтін оларға кәсіби күйшілер мен дәстүрлі әншілер қазылық жасады.

20240705024840_IMG_7746

Сайып келгенде, Федоров жалпы орта білім беретін мектебінің күзетшісі Ерлан Заров бас жүлдені қанжығасына байлап, байқаудың басты жүлдесі үкілі домбыраны жеңіп алды. Осылайша күй мен жыр дәріптелген концертті Елжас Мағзом мен Ислам Мұрат «Қазақстан» әнімен аяқтады.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале