Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Теректі ауданында ұлттық спорт түрлерінен ауқымды жарыс ұйымдастырылып, салтанатты түрде ашылып, жоғары деңгейде қорытындыланды. Ұлттық дәстүр мен спортты ұштастырған бұл дода аудан тұрғындары үшін шынайы мерекеге айналды.

Жарыстың ашылу рәсімі Теректі спорт кешенінде өтті. Салтанатты жиынға Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары Тоқтар Кенжеғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Қазиев, сондай-ақ спортшылар мен аудан тұрғындары қатысты.

Ашылу салтанаты ұлттық нақыштағы күйлермен басталып, көрерменге ерекше рух сыйлады. Одан кейін ауданға қарасты ауылдық округтерден келген командалар салтанатты түрде таныстырылды. Атап айтқанда, Ақжайық, Ақсоғым, Ақсуат, Аңқаты, Долин, Құмақсай, Подстепный ауылдық округтері, сондай-ақ Теректі ауылдық округіне қарасты Жайық ауылы, Теректі, Ұзынкөл, Шаған және Шалқар ауылдарының спортшылары жарыс алаңына шығып, өзара бақ сынауға дайын екендерін көрсетті.

Қатысушылар қазақша күрес, арқан тарту, садақ ату және асық ату сынды ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынады.
Мерекелік жиында аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Наурызнама онкүндігінің мазмұны мен маңызы кеңінен насихатталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің мәні айрықша атап өтілді. Шара аясында мәдени бағдарлама да ұсынылды. Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі «Би думан» қазақ биін орындап, көрермен ықыласына бөленсе, Бақытгүл Қабашеваның орындауында «Наурыз көктем» әні шырқалып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.
Осылайша, бастау алған ұлттық спорт додасы бірнеше күнге жалғасып, тартысқа толы бәсекеде мықтыларды анықтады. Жарысқа қатысушылар өздерінің ептілігі мен күш-жігерін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық спорт түрлерінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, салтанатты түрде марапатталды.
Садақ атудан ерлер арасында І орынды Құмақсай ауылдық округінен Э. Есқалиев иеленсе, ІІ орын Приречное ауылдық округінен Д. Абдрахмановқа бұйырды, ал ІІІ орынды Подстепное ауылдық округінен А. Әділгерей еншіледі.

Әйелдер арасында І орынды Богдановка ауылдық округінен А. Ерезкелова жеңіп алса, ІІ орынды Құмақсай ауылдық округінен С. Джаскузиева, ІІІ орынды Шалқар ауылдық округінен Г. Джесултанова иеленді.
Қазақша күресте І орынды Теректі ауылдық округіне қарасты Жайық ауылының спортшысы А. Болатов жеңіп алса, ІІ орынды Теректі колледжінің өкілі Ж. Сисекеш, ІІІ орынды Ақжайық ауылдық округінен Н. Мапуов иеленді.
Арқан тарту бойынша командалық есепте І орынды Подстепное ауылдық округі жеңіп алса, ІІ орын Ұзынкөл ауылдық округіне, ІІІ орын Бөрлі ауданының Пугачев ауылына бұйырды. Асық атудан командалық есепте де Подстепное ауылдық округі көш бастап, І орынды иеленді. ІІ орын Долин ауылдық округіне, ІІІ орын Құмақсай ауылдық округіне берілді. Жалпы командалық есепте Подстепное ауылдық округі жеңімпаз атанып, І орынды жеңіп алды. ІІ орын Теректі ауылдық округіне, ІІІ орын Шаған ауылдық округіне бұйырды.

Ұлттық спортты ұлықтаған бұл дода салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жаңғыртуға зор үлес қосты. Сонымен қатар, ауыл-аймақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бұқаралық спорттың дамуына серпін берді.
Наурыз мерекесімен тұспа-тұс өткен бұл жарыс аудан тұрғындарының бірлігін арттырып, ұлттық рухты асқақтатқан тағылымды шара ретінде есте қалды.
Әдемі Талғатқызы
Теректі ауданы