12.07.2024, 12:46
Оқылды: 243

Теректіде ұлы дала дүбірі естілді

Тарихымызды айшықтайтын көшпенділер ойыны кешегі батыр бабаларымыздың жүріп өткен жолын еске түсіреді. Садақ атып, ләңгі теуіп, асық шиырып өскен жас ұрпақтың осал болуға хақы да жоқ. Өйткені олар қанға сіңген дәстүрді ұштастырып, ұлттық мұрамызды, ойындарымызды жалғап келеді. Ең алғаш дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өткен екен. Ал биыл 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында байрақты бәсеке басталмақ. Дүбірлеп жеткен додаға әлем жұрты қатысып, бақ сынайды.

20240711220957_IMG_8410

Осы орайда Теректі ауданы да бұл ойынға үн қосты. Нақтырақ айтсақ, орталық стадион алаңында ұлы дала дүбірі қызу бәсекеге ұласып, аудан жастары мен тұрғындары жарысты.

Теректі аудандық спорт клубы ұйымдастырған ұлттық ойындар сайысы сұрмергендерді, асық атудан мықтыларды, ләңгі тебуден ширақтарды анықтады. Додаға бас-аяғы 20-ға жуық теректілік қатысты. Оның ішінде жақын ауылдардан арнайы келіп, аталмыш сайысқа қызығушылық танытқан жастар, ардагер спортшылар бар.

20240711223918_IMG_8475

Ауданымыздың тәжірибелі спортшысы Өтеген Мүбарак ойындардың ережелерін түсіндіріп, маңыздылығына тоқталды. Нәтижесінде асық атудан жүлделі 3 орынды Азамат Ибатов місе тұтып, 2 орынды Ахат Ақкереев еншілесе, жеңіс тұғырынан ардагерлер арасында облыстық жарыстан бірнеше рет жеңімпаз атанған Жасұлан Мұханбетов көрінді. Садақ ату бойынша да ардагер спортшы ешкімге есе жібермей 1 орынды қанжығасына байласа, 2, 3 орындарға Айсағали Мұқанбетқалиев, Мирлан Сисенов ие болды.

Ләңгі тебуден де қалыс қалмаған қатысушылар арасынан оқ бойы озық шыққан Айсағали айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жүлделі 2, 3 орындарға Шапағат Ғабдығалиев, Саят Көлмұханов лайық болды. Қатысушыларды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің спорт жөніндегі бас маманы Медет Назаралиев марапаттап, естелік сыйлықтарды табыстады.

20240711221149_IMG_8421

20240711230753_IMG_8526
203F797D-E4D1-40B4-AE5F-B981B915E702
Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале