Тәуелсіздік күніне орай Теректі ауданында «AMANAT» партиясы аудандық филиалы мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен Теректі спорт клубында үстел теннисі мен киберспорттан сайыс өтті.
Жарысқа ауылдық округтерден жастар мен спортшылар қатысты. Ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Мақсотұлы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысқа толы дода соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер партия филиалы атынан арнайы диплом, кубок, медальдармен марапатталды. Жарыстың қорытындысына келсек, 18-44 жас аралығында қатысушылар арасында 1-орынды Асылжан Мендіғалиев (Шалқар ауылы), 2-орынды Илья Иванцов (Богданов ауылы), 3-орынды Әмір Ізтілеуов (Құмақсай ауылы) иеленді.
Сондай-ақ «Үздік ойыншы» аталымына құмақсайлық Талғат Джаскузиев лайық болды. Ал 45 жас және одан жоғары қатысушылар арасында 1-орынды Жасаудан Төремұратов (Құмақсай ауылы) қанжығасына байласа, 2-орынды Серік Жұмашев (Богданов ауылы) еншілеп, 3-орынды Жеңіс Қайыров (Теректі ауылы) місе тұтты. Бұл жаста «Үздік ойыншы» аталымын Өтеген Мүбарак жеңіп алды.
«AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Мақсотұлы спортшыларға алғысын айтып, партия тарапынан бұқаралық спортты дамытуда үнемі қолдау болатынын жеткізді.
Ақтілек Орынбасар,
Теректі ауданы