Теректі аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті.
Білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, қазіргі таңда зейнетке шыққан ардагер ұстаздар Р.Капышева, М.Имашева, Н.Козенко, К.Меңдіғалиева, Г.Асқарова, А.Ахметқалиева. Ә.Бақытжанова А. Молдабекқызы, С.Малаева, Ш.Шотановтар шара төрінен көрінді.
Мерекелік концерт барысында Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова ізгі тілегін білдірді.
— Біз бәріміз де саналы қоғамдық өмірімізді мектеп қабырғасынан, ұстаз алдынан бастадық. Сондықтан ұстаздар мерекесі – ортақ мереке. Бар күш-жігерін бала санасына білім толтыруға арнаған ұстаздар, Сіздердің еңбегіңізді бағалау да, жай сөзбен жеткізу де мүмкін емес. Сіздерге мықты денсаулық, қиын да қажетті жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Жетістіктерімен мақтанар шәкірттеріңіз көп болсын, - деді аудан басшысы.
Одан әрі аудан әкімі Әлия Биғазықызы ұзақ жыл бойы аудандығы білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы болған, ауданның кәсіподақ ұйымымен бірлесіп аудан ардагерлеріне арналған энциклопедия шығаруға белсене қатысқан ардагер ұстаз Шарапи Тәжібайұлына құрмет көрсетіп, иығына шапан шапты. Сондай-ақ бірқатар мұғалімдерге төсбелгі тағып, алғысхат табыс етті.
Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Балалық шақ досы» ҚР Оқу-ағарту министірлігі, республикалық қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығының медалі Е.Сағиналин мен Н.Дүйсенғалиевке берілді.
Ал Богданов мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нәбия Бисенова, Талпын мектебінің тарих пәні мұғалімі Мәдениет Ихсанов «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», Х. Есенжанов мектепің бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Маулетова «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін», Ақжайық мектебінің директоры Шолпан Кәкижанова «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», Чапаев мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Наталья Козенко «Кәсіподақ ардагері» сынды төсбелгімен марапатталды.
Айта кетейік, «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беруге арналған облыстық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздары кеш аясында алғысқа кенелді. Мәселен, Чапаев мектебі бас жүлдені қанжығаға байлады. Аңқаты мектебі бірінші орынды алса, Шаған мен Ұзынкөл мектебі екінші орынды еншіледі. Ал Ақжайық, Федоров №1, Госплемстанция, Х. Есенжанов атындағы мектеп тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.
Жүлделі болған мектептерге ақшалай сертификат берілгенін айта кеткен жөн.
Еңбек еленіп, алғыс молайған сәт одан әрі мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концертіне ұласты. Ұстаздарға арналған бірде-бір ән айтылмаған салтанатты шараны ұйымдастыру жағы әлсіз бе деп қалдық. Бір ұстаз фонограмма көмегімен өлең оқыса, Федоров қазақ мектебі дайындаған шағын қойылым шикі секілді болды. Аудандық деңгейдегі шараға осыншалықты салғырт қарау кімге тиімді болғанын білмей далмыз. Себебі залға лық толған ұстаздар өздеріне арналған концерт пе, әлде махаббат мерекесі ме түсінбестен отырды. Бұл жерде олқылық аудандық мәдениет бөлімінен кетті ме, жоқ әлде аудандық білім беру бөлімінен бе, төрелігін айтар біз емес.
Амал жоқ, әрқайсысымыз ішімізден «Ұстазым менің, ұстазым!» деген белгілі әнді ыңылдап айтып кете бардық...
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz