Бүгін Теректі ауданының орталығында «Nur Otan» партиясының «Халыққа көмек» жобасы аясында азаматтарды қабылдау өтті.
Оған аудан әкімі Әділ Жоламановпен бірге түрлі мекеме-ұйым басшылары қатысып, әркім өз салалары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Мысалы, Госплемстанция елді мекенінен келген Сәния Қайбалдиева жеке үйінің төбесі құлағалы тұрғанын айтып, үй кезегіне қоюды сұрады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Аслан Даубаев ол кісіге үйді апаттық жағдайда деп тану мен үй кезегіне тұру тәртібін түсіндірді.
Пойма ауылынан келген Асқар Иманов деген азамат өзі тұратын мекендегі фельдшердің қызметіне көңілі толмайтынын және ауылға айына бір-екі рет болса да жалпы тәжірибе дәрігері келіп тұрса деген пікірін білдірді. Ал Федоров ауылының тұрғыны Жанар Жонысоваға атаулы әлеуметтік көмек алу жайы, ауыл ішіндегі тамақтандыру орындарына жұмысқа тұру, жаңа мамандыққа оқу төңірегінде түсінік берілді.
«Халыққа көмек» жобасы аясында бұл күні қабылдауға келген әр адам партияның жергілікті филиалы төрағасы Әділ Жоламановтың назарынан тыс қалған жоқ.
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер