Маусымның үшінші жексенбісінде, елімізде Әкелер күні атап өтіледі.
Балалар шығармашылық үйі мен «AMANAT» партиясының Теректі аудандық филиалымен бірлесіп ұйымдастыруымен Әкелер күніне орай «Жарқын жүздесу» жобасы өтті.

Жобаға Теректі аудандық қазынашылық басқармасының басшысы, «AMANAT» партиясының мүшесі, дәстүрді дәріптеген шебер, көпбалалы әке Ұлан Жанботаұлы Сайтмұхаев қатысты.
Бағдарлама кейіпкері – туған жері, отбасы құндылықтары мен дәстүрлері жөнінде кеңінен тоқталды. Федоровка жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары атқа міну, қамшы өру бойынша сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Ұлан Жанботаұлы оқушыларға шеберлік сағатын ұйымдастырып, қамшының киесі мен жасалу жолы жөнінде айтты. Болашақта бос уақытты тиімді пайдалану немесе қамшы өруге қызығушылық танытатын оқушыларды шеберлік сағатына шақырды.
Жоба жүргізушісі Үміткер Орынғалиев кеш иесі Ұлан Сайтмухаев басқаратын Теректі аудандық қазынашылық басқармасы облыста өткен байқауда жеңімпаз атанғанын атап өтіп, республикалық кезеңге жолдама алғанын тілге тиек етті.
Шара барысында ауданымыздағы дәстүрлі ән өнерінің мұғалімі Дәурен Жұмағалиев «Әке» әнін орындаса, шәкірті әрі кеш кейіпкерінің қызы Мәдина Ұланқызы «Қазақ осы» әнін жанды дауыста ұлттық аспабымызбен орындады.
«AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының Федоровка бастауыш партия ұйымының төрағасы Арман Сағидоллин жылы лебізін білдіріп, партия атынан алғыс хат табыс етті.

Теректі аудандық Балалар шығармашылық үйінің қамқоршылық кеңестің төрағасы Ғазиза Сарсенова шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, мекеме басшысы Асима Куткужиеваның атынан құттықтау хатын табыстады.
Жас дарын Данияр Рахымғали гитарамен «Менің әкем – ең жақсы адам» әнімен қорындылады.
Темірболат Тоқмамбетов
Теректі ауданы