Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында білім саласына баса мән беруді тапсырып келеді. Білім беру сапасына ерекше мән беріп, бұл істе озық жүйені қалыптастыру керек екенін басты назарда ұстады. Осы бағытта Теректі өңірінде атқарылып жатқан жұмыс жетерлік.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында бүгінде Теректі ауданы бойынша 18 жалпы орта білім, 10 негізгі, 8 бастауыш білім беретін мектеп, 11 мемлекеттік, 6 жекеменшік балабақша, 20 шағын орталық, 3 қосымша білім беру ұйымы бар. Олардың қатарында ғимараты әбден тозып тұрған мектептер де бар. Бұл - күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазіргі уақытта бұл мәселенің күрмеуі шешіліп, ауданда төрт мектепке жаңа ғимарат салу басталып та кетті. Ал бір мектеп енді салынудың алдында тұр.
Магистральный: құрылыс қарқынды
Ақсуат ауылдық округіне қарасты Магистральный ауылы күннен-күнге қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді. Осы уақытқа дейін бұл ауылдағы халық игілігіне берілген ауыз су, жол, дәріхана, шағын дүкендер хақында хабардар еткен едік. Енді мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын көріп, көңіл марқайып қалды.
Бүгінгі таңда ауылда 108 оқушы орнына арналған жаңа мектеп ғимараты салынып жатыр.
Құрылысты мердігер «КА-Строй ЛТД» ЖШС қарқынды жүргізіп жатыр.
Жуырда құрылыс басына «AMANAT» партиясының Теректі аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев, аудандық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, комиссия мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Ләззат Бекишева арнайы барды. Жұмысшылармен жүздесіп, қандай мәселе бар екенін анықтады. Мердігердің айтуынша, қазіргі уақытта құрылысқа кедергі болар мәселе жоқ.
Пойма: тамыз айында тапсырылмақ
Пойма ауылында да мектепке жаңа ғимарат салынып жатыр.
Екі қабатты мектеп ғимаратының сыйымдылығы - 108 оқушы.
Былтыр тамыз айында басталған құрылысты жобалық болжам бойынша 8 айда қолданысқа беру қаралған еді. Дегенмен жұмыс кестесінде кешеуілдеу бар.
Мердігер «КА-Строй ЛТД» ЖШС «мектеп ғимаратын аяқтап, оқу жылы басталғанға дейін тапсырамыз» деп отыр. Құрылыс басында болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жергілікті халық үшін қажетті нысанды тек уақытылы емес, сапалы да аяқтауды мықтап тапсырды.
Мердігер межеден көрінсе, ауыл балалары жаңа оқу жылын жаңа орында бастайды деген үміт бар.
Үлкен еңбек: заманға сай болады
Үлкен Еңбек ауылындағы мектептің ғимараты 1964 жылы жатақханаға арнап салынған. Оны бейімдеп, 1965 жылы мектепке берген. Содан беріде 60 жылдай үзіліссіз қызмет еткен ғимарат қанша сырлап-майланса да, әрі тар, әрі тозығы жетіп, заманға сай білім беру үрдісін жүргізуге ыңғайсыз.
- Ауылда мектептің 60 орындық су жаңа заманауи ғимараты салынып жатыр. Бұл тек ұстаз бен баланың қуанышы емес, елдің қуанышы. Мектепте бала аз болғанымен, шәкірттеріміздің жетістіктері мол. «Санымен емес, сапасымен» ерекшеленген оқушыларымыз биыл республикалық шаралардың жүлдергері атандық. Енді білім сапасы арта түсері сөзсіз. Жаңа ғимаратта технология, биология, химия, ағылшын тілі кабинеттері, зертхана, спорт залы, кітапхана, мектепалды даярлық тобына арналған үлкен бөлме қарастырылған. Жаңа орынға қоныстанар күнді асыға күтіп жүрміз, - дейді мектеп директоры Өркен Бижанов.
Үлкен Еңбек ауылы тұрғындарының бұл қуанышына себепкер - тапсырыс беруші «Қарашығанақ Петролиум Операйтинг Б.В». Құрылысты салып жатқан бас мердігер «Тәуекел» ЖШС барлық жұмысты жоба жоспарына сәйкес тамыз айында тәмәмдамақ.
Абай: жаңа оқу жылы – жаңа орында
Абай ауылындағы үлкен де, кіші де да жаңа оқу жылынан жақсы жаңалық күтіп жүр.
«Мектепке жаңа ғимарат салынады» деген хабар естілгеннен бері елеңдеп жүрген абайлықтар биыл құрылыс басталғанына қуанышты.
Жобаның мердігері «Жайықсельстрой» ЖШС жалпы көлемі 2 581 шаршы метр болатын нысанды қыркүйек айында аяқтаймыз деп отыр.
108 оқушы орнына есептелген ғимаратта білім беру талабына сай пәндік кабинеттер, спорт залы және басқа да қажетті бөлмелер толық жабдықталады. Сөйтіп, абайлық оқушылар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ.
«Жайлы мектеп» күтеміз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқан болатын.
- Подстепный ауылында көптен күткен қуаныш. Яғни жаңа мектеп салынады. Негізі бұл ауылда қос мектеп бар. Дегенмен, тұрғын саны, соған сәйкес бала саны өскен ауылда тағы да бір мектептің қажет екені біраздан бері айтылып келеді. Енді міне, ұлттық жоба аясында көлемі 12 мың шаршы метрді құрайтын 1200 балаға арналған білім ошағының құрылысы басталмақ. Оны «Самрұқ-Қазына» АҚ компаниясы қаржыландырады. Ал мердігері - «Отделстрой» ЖШС.
- Бұл құрылыс - екі жылдық жоба. Биыл басталып, 2024 жылы аяқталады, - дейді Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Максим Энгелов.
Самал Жолдығалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz